Қазақстанның тұңғыш кәсіби әйел дирижері Раиса Садықованың туғанына 80 жыл толды

17.01.2025 21:55

Осыған орай Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында "Қыз Жібек" операсы қойылды

Биыл Қазақстанның тұңғыш кәсіби әйел дирижері Раиса Садықованың туғанына 80 жыл толды. Осыған орай Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында "Қыз Жібек" операсы қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбек сіңірген қайраткердің әріптестері оның кәсіби шеберлігін, еңбекқорлығын және өз ісіне деген зор сүйіспеншілігін атап өтіп, еске алды. Өзінің табандылығының арқасында көптеген кедергіні еңсерген қазақ өнерінің жарқын жұлдызы танымал өнер ордаларында дирижерлік қызмет атқарған.

"Ол кісі сонау Ленинградтағы консерваторияны бітірген. Ол жерде Илья Александрович Мусин деген керемет дирижер ұстаз болған. Ол кісіден кейін Ренат Салауатов, Қуат Мансуров, Валерий Гергиев сияқты мықты дирижерлар оқыған екен. Сол кісінің қолынан дәріс алып, сол кісінің үлкен тәлім тәрбиесін алған", - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болатбек Бөкенов.

Дирижердің шығармашылық қолтаңбасы сирек кездесетін шынайы музыкалық дарынымен және техникасымен ерекше. Раиса Садықова қазақ музыка өнеріне елеулі үлес қосып, ұстаз ретінде көптеген жас дирижерлердің қалыптасуына ықпал етті.

"Мен өзімді әнші ретінде бақытты деп есептеймін. Сол апайымыздың дирижерлауының арқасында Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсында Татьянаны сомдадым. Сонымен қатар қазақтың классик композиторы Мұқан Төлебаевтың "Біржан-Сара" операсында Сараның рөлін сомдадым. Ол апайымыз осы операларды тамаша дирижерлады", - дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Дүтмағамбетова. 

Оқи отырыңыз: Алдағы күндері Қазақтанда күн суытып, 35 градусқа дейін аяз болады