Екі күн жауады: Алматыда көшелерді қардан тазарту жұмысы тәулік бойы жүргізілмек

22.01.2025 19:38

Мегаполистің тазалыққа жауапты мамандары қар жауа бастағалы іске бірден кірісті

Алматыда қар жауып, қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өндірістік базаларда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Жалпы, көшелерді қардан тазалау жұмыстарына 600-ден аса техника мен 1500-ге жуық адам жұмылдырылды. Бұдан басқа, жолдардың қауіпті учаскелерінде 47 жедел бригада жұмыс істейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматының тазалыққа жауапты мамандары қар жауа бастағалы іске бірден кірісті. Мәселен, 30 шақты қызметкер Жароков көшесінің бойындағы арықтарды тазалап, жол жиегін қардан аршыды. Жиналғандарын жүк көліктеріне тиеп, сыртқа әкетіп жатты. Сондай-ақ автокөлік және жаяу жүргіншілерін жолына тұз себіліп, көктайғақтың бетін қайтару үшін жұмыс атқарылды.

"Қар жауса да, біз жұмысты тоқтатпаймыз. Қар басылғаннан кейін әр көшені тазартуға кешенді түрде кірісеміз. Алдымен үлкен, магистралды, қалалық маңызы бар көшелер тазартылады. Содан соң ауданаралық көшелер тазартылады. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар мен аялдамалар да алдымен қардан тазартылады", - деді "Алматы Тазалық" МКК Бостандық ауданы бойынша басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Дәуітқұлов. 

Қарлы боран сағат 14.00 шамасында қарқынын үдетті. Сағат 17:00 кезінде ақ ұлпаның қалыңдығы 6 сантиметрге жетті. Ал кешкі сағат 18.00-дегі дерек бойынша көктайғақтың алдын алу үшін 2300 тонна реагент себілген. Ал шаһар жолдарын қардан тазарту үшін 1500-ға жуық адам мен 600 ден аса техника жұмылдырылды.

"Кеше "Қазгидромет" берген болжамға сәйкес бүгін таңғы сағат 9:00-ден бастап таулы жерлерде қар жауа бастады. Бұл қар екі күнге созылайын деп тұр. Сол себепті жұмысымыз ауқымды болады. Тұрғындардан қар шығаруға түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше жол бойындағы көліктерді алып тастауды сұраймыз", - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.

"Қазгидромет" дерегінше, бүгін түнде ауа температурасы -7 және -9 градус төңірегінде болмақ. Ал ертең түнде -15 градусқа дейінгі аяз болуы мүмкін. Сондай-ақ қар жаууы, көктайғақ болуы мүмкін. Сол себепті мамандар жолда абай болуға, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Биыл Алматыда жаңа спорт кешендері мен мүгедек жандарға арналған орталық құрылысы басталады