Әлемдегі ең үздік туристік орынның бірі: Алматыға былтыр 1 млн 700 мың турист келді

25.01.2025 11:56

Биыл шаһарда туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар шаруа қолға алынған

Алматы – әлем назарында! CNN Travel басылымы 2025 жылы саяхаттауға тұрарлық 25 үздік бағыттың тізімін жариялап, мегаполисті "мәдениет пен серпінді дамудың астанасы" деп сипаттады. Былтырдың өзінде оңтүстік астанаға 1 миллион 700 мыңнан астам саяхатшы сапар шегіп, шаһардың қайталанбас табиғаты мен көпқырлы мәдениетіне тамсанған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тау самалына тыныстап, қаланың көркін биіктен көру үшін Көктөбеге соқпай кету – қазақстандықтар мен шетелдіктер үшін Алматыны танымаумен тең. Іле Алатауының етегінде, теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан бұл демалыс орнына былтырдың өзінде 300 мыңға жуық турист келген.

Алып қаланы алақандай етіп көрсететін айрықша орын – жыл он екі ай саяхатшыларды қабылдайды. Әйтсе де, Алматының сырлы әлемі тек Көктөбемен шектелмейді – бұл қалада таңдау да, тамсану да жетерлік!

"Мен Филиппин мемлекетінен келдім. Достарымнан естіп, әлеуметтік желіден көріп, Алматыны таңдадым. Көктөбені, Шарын шатқалын, Іле Алатауының сұлулығына тамсандым", "Менің кеше туған күнім болған. Атап өту үшін осы Қазақстанды, оның ішінде Алматыны таңдадық. Шымбұлақты араладым. Жоспарда Көлсайға бару бар", - дейді шетелдік туристер.

Алматы мұнымен қоса экономикалық әлеуеті зор орталық. Бұл - туризм басқармасы өкілінің сөзі. Оның айтуынша, былтыр туристік ағынның қарқынды өсуі байқалып, негізгі капиталға құйылған қаражат көлемі артқан.

"Туристер ағымының өсуі негізгі капиталға салынған инвестициялардың артуымен қатар жүреді. 2024 жылы салық түсімдерінің көлемі 90,7 млрд теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 1,9 есеге артты. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 110,9 млрд тенге құрап, 2,1% өсті. Айта кету керек, шетелдік туристердің шығындары ішкі қонақтардың шығындарынан 8,7 есеге артық", - деді Туризм басқармасы талдау және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы Мақпал Әбдіқадыр.

2024 жылы Алматы әлемдік туризм нарығындағы орнын нығайу үшін 8 халықаралық көрмеге қатысқан. Нәтижесінде шетелдік туроператорлармен 230 меморандумға қол қойылып, 42 елден 176 танымал блогерлер мен журналистер келген. Осындай бастамалар Алматының әлемдік деңгейдегі беделді рейтингтерде жоғары орын алуына негіз болған.

"Өткен жылы ірі жұмыстар жүргізілді. Атап өтуге тұрарлықтары "New York Times" басылымының 52 көруге тұрарлық орынға кірді. Одан қала берсе, Wanderlust журналының топ 24-іне енді. Осы жерде айта кету керек, Conde Nast Traveller Italia басылымында Шымбұлақ курорты әлемнің топ 5-іне кірді", - деді Almaty Tourism Bureau туризмді дамыту басқармасының басшысы Асхат Жанбосынов.

Айта кетейік, биыл шаһарда туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар шаруа қолға алынған. Қазір 5 615 нөмірден тұратын қонақүйлер салу бойынша 37 жобаның мониторингі жүргізілуде. Олардың құрылысын 2027-інші жылға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Мәди Мәлік, Әлішер Ерғалиұлы, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда жастар жолды қардан тазартып жүрген жұмысшыларға ыстық шай таратты