Алматыдағы Жетісу ауданының бюджеті биыл 20 пайызға ұлғайтылды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар басшысы аудан тұрғындарымен кездесуінде азаматтарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жұмыстардың тыңғылықты жасалып жатқанын жеткізді. Мәселен биыл 55 көшеде 60 шақырымдық су құбырының құрылысы аяқталады. Ал жарықтандыру деңгейін сапалы ету үшін 337 жаңа бағана орнату жоспарланған. Сондай-ақ жиында Жетісу ауданында алғаш рет заманауи инновациялық шығармашылық орталық салынатыны да белгілі болды.
"Алғашқы Инновациялық шығармашылық орталық Айнабұлақ шағынауданында салынады. Бүгінгі таңда ЖСҚ дайындау аяқталып, 2025 жылдың шілдесінде мемлекеттік сараптама қорытындысы шығады деп күтілуде. ҚМЖ-ны бастау конкурстық рәсімдер өткізілгеннен кейін 2025 жылдың 4 тоқсанына жоспарланған", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы биыл аяқталатыны айтылды. Жұмыс толық біткеннен кейін, бұл учаскенің көлік өткізу қабілеті 20 пайызға артпақ.
Биыл аудандағы 3 емханаға күрделі жөндеу жүргізу көзделіпті. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 300-ге жуық бейнекамера орнату жоспарланған. Сондай-ақ осы жылы Есентай өзенінің жағалауын абаттандыру жалғаспақ.
"Өткен жылы Көкмайса, Көкжиек шағынаудандары мен Самырсын көшесі арқылы өтетін Есентай өзенінің бойында ауданы 24,6 га 3 жаңа саябақ және жағалау аймақтары 1,6 млрд теңгеге абаттандырылды. Есентай өзенінің жағалауын одан әрі өзгерту және аудан тұрғындары үшін ыңғайлы демалыс орындарын құру үшін ауданда тағы 2 саябақ салу жоспарланған", – деді қала әкімі.
Кездесуді "Алматы" телеарнасының Youtube парақшасында онлайн көруге болады