Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесті

03.04.2025 08:54

Алматының Әуезов ауданы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келеді. Өйткені ауданның бюджеті биыл 25 пайызға өсіп, 53,7 миллиард теңгеге жеткен. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев жергілікті халықпен жүздесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шаһар басшысы шағын және орта бизнес нысандарының саны соңғы бір жылда 60 мыңға көбейгенін айтты. Өз кезегінде 7 мыңнан аса адамның тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік берген. Сондай-ақ ауданды сапалы әрі заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде. Былтыр 12 көшеде сумен жабдықтау және су бұру желілері салынған. Ал биыл сәуірде бұл шаруа Достық шағынауданындағы 22 көшеде басталады деп жоспарланып отыр. Ауданды тұрақты электр қуатымен қамту үшін былтыр 23 шақырым желі реконструкцияланды. Ал биыл 49 трансформаторлық қосалқы станса жөндеуден өтпек.

 «Бүгінгі таңда Әуезов ауданында электр желілерінің 63 пайызы тозған. Соның салдарынан апат үнемі орын алады. Бірақ 2024 жылы жағдай жақсарды.  Тұрғындарды тұрақты электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін өткен жылы «АЖК» АҚ 23 км электр желілерін реконструкциялауды аяқтады. 29 трансформаторлық және 5 тарату қосалқы станция жөнделді», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ ауданда денсаулық сақтау жүйесіне де ерекше ден қойылған. Медициналық қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында жыл соңына дейін №16 қалалық емхана күрделі жөндеуден өтпек. Жобаның жалпы құны - 446 миллион теңге. Ал сәуірде Таугүл-3 шағынауданындағы №18 емхананы реконструкциялау аяқталады. Ерекше қажеттілігі бар балалар да назардан тыс қалмаған. Олар үшін ақпан айында «Парасат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды.

Сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерді дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бойынша маусымға дейін бірқатар шаруалар атқарылмақ. Мәселен шағынаудандардағы скверлер мен жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылып, жаңа балалар алаңдарын салу көзделіп отыр.

Негізгі жобалардың бірі Сайран көлін абаттандырудың қорытынды кезеңі аяқталады. «Халық қатысатын бюджет»  бағдарламасы да белсенді жүзеге асып жатыр. Бастама аясында былтыр 57 жоба іске асырылса, биыл 30-ы іріктеп алынған. Қыркүйекке дейін 23 ауланың аумағын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

 «Ауданның тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын модернизациялау және жақсарту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 36 тұрғын үйге сәндік жарықтандыру орнатылды, оның ішінде 28 үйдің қасбегіне жөндеу жүргізілді. 2025 жылы 42 үйге сәндік жарықтандыру орнату және 12 үйдің қасбегіне жөндеу жұмыстары жоспарланып жатыр» – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Кездесуді мына жерден қараңыз.