Наубайшы шеберлігі: Алматыда ашылған орталық соңғы үлгідегі жабдықпен қамтылды

26.02.2025 20:47

Ауқымды жоба Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынып отыр

Алматыда жыл соңына дейін 18 құзыреттілік орталығын ашу жоспарланып отыр. Ауқымды жоба «Жас маман» бағдарламасы мен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынып, шаһардағы түрлі мамандық иелерін қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполистегі мемлекеттік бизнес колледжінде «Наубайшы шеберлігі» орталығы ашылып, соңғы үлгідегі жабдықпен қамтылып отыр. Жаңадан ашылған зертханада тағам өндірісі, оның ішінде нан пісіру мен кондитерлік өнімдер шығаруға бағытталған. Мұндағы студенттер үшін аталған орталық – тәжірибе алмасу, инновациялық технологияларды меңгеру алаңы болмақ.

«Біздің мақсат – әлемдік бәсекеге түсе алатын, World Skills сынды ауқымды жарыстарда жүлделі орындарды ұтып алатын, мықты мамандар даярлау. Бүгін ашылған колледжге қарасты құзыреттілік орталығында заманауи, соңғы үлгідегі техникамен жабдықталып, оқушылардың шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік жасалған», – деді Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Айнұр Мұқажанова.

Құзыреттілік орталықтары – еліміздің білім беру жүйесіндегі жаңа белес. Мұнда студенттер мен оқытушылар біліктілігін арттырып қана қоймай, рецептураларды зерттеп, жұмыс берушілермен тығыз жұмыс істей алады.  Ал сала мамандары осы бағытта жас мамандар үшін дайындалып жатқан жобаларды таныстырды.

«Студенттер білімін әрі қарай ұштастыру мақсатында шетелдің Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бренді компанияларымен бірге бітірушілерге сертификат беру мақсатын көздеп отырмыз. Компаниялар бітірген соң, экзамен қабылдайды», – деді Техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Ерік Әбішаев.

«Бұл колледжде жұмысқа орналасу көрсеткіші шамамен 90 пайыз. Оқушылар мамандықтары бойынша жұмысқа тұрып жатыр. Сондай-ақ олар жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға және шетелде тәжірибеден өтуге дайын. Бұл – Алматыда ашылған 13-құзырет орталық. «Жас маман» жобасы аясында қалалық колледждерге шамамен 4,2 миллиард теңге бөлініп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Оқи отырыңыз: Баланы қалада оқытамыз: ата-аналар мектеп-интернатты Қапшағайға көшіруге наразы