Наурыз: алматылықтар тұрғын үй бағдарламасына өтінімді қашан бере алады

03.03.2025 19:48

Екі бағдарлама да тиімді болғанымен, қатысу шарттары әртүрлі

Алматылықтар осы айда тұрғын үй бағдарламаларына өтінім бере бастайды. Басты талап – үміткердің және оның отбасы мүшелерінің меншігінде баспананың болмауы және төлем қабілеттілігін растау, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Мирас Игібаев сәуір айында қоныс тойын тойлайды. Азамат 5 жылдан бері отбасымен сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Сол уақыт аралығында өз баспанасы үшін алғашқы жарна жинапты. «Арманым орындалды» деген алматылық – қазір ауданы 72 шаршы метр болатын 3 бөлмелі пәтердің иесі.

 «Бірден ақшамды жинап, әрекет етуге тырыстым. 2024 жылы «Отау», «Наурыз» бағдарламалары болды. Сол конкурста бағымды сынап, үй алдым, – деді қала тұрғыны Мирас Игібаев

Ал Айнұр Берікқызы – математика пәнінің мұғалімі. Ол да 2023 жылы сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтерге өтінім берген. Онда 3 ай ғана тұрып, өз баспанасына қол жеткізіпті. «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы пәтер иесі атанған мұғалім «мемлекет бөлген жалдамалы пәтерде тұрып, қаражат жинау үлкен мүмкіндік» дейді.

 «Алматы жастары» бағдарламасын таңдаудағы себебім, жас айырмашылығы 35 жас болды. Пайыздық мөлшерлемесі өте төменгі бағдарламалардың – бірі», – деді қала тұрғыны Айнұр Берікқызы

«Наурыз» бен «Алматы жастарының» негізгі шарты – қатысушылардың және оның отбасы мүшелерінің меншігінде баспананың болмауы және төлем қабілеттілігін растау. Екі бағдарлама да тиімді болғанымен, қатысу шарттары әртүрлі. Мәселен жасыңыз 35-тен аспаған алматылық жас маман болсаңыз, «Алматы жастары» бағдарламасы қолайлы. Ал Қазақстанның кез келген өңірінен пәтер иеленгіңіз келсе, «Наурыз» бағдарламасын қарастыру қажет. Онда несиенің ең жоғары мөлшері 36 миллион теңге.

 «Ең бірінші талап – пәтерлер «Отбасы» банктің мүлікті кепілге қою талаптарына сәйкес болуы керек. Ол жаңағы материалына байланысты, қай жылы салынған үйлер? Құжаттары дұрыс болуы керек, – деді «Отбасы банк» АҚ филиалы директоры Данагүл Түсіпова.

Айта кетейін, «Наурыз» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына өтінім беру 5 наурызда басталып, 31 наурызға дейін жалғасады.

Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы