Алматы Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен қарсы алды
Бүгін, 22 наурызда Алматы Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Биылғы ұлық мереке қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы һәм кемеңгер ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, оған айрықша мән берді. Таң сәріден Абай алаңы мен оған іргелес көшелер көктемнің лебімен, ұлттық мәдениет пен халық бірлігінің шуақты қуатымен тыныстап тұрды, деп хабарлайды Almaty.tv қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Табиғат та мерекеге үн қосқандай: түнгі салқындық таңғы күн нұрымен еріп, қала көшелерін жылылыққа, шаттыққа бөледі. Жайма-шуақ ауа райы көңілге көрік беріп, ұлттық киім киген мыңдаған адамның қуанышын еселей түсті.
Абай әндері – Наурыз үнінде
Сағат 9:00-де Абай даңғылы бойында – Абай алаңынан Назарбаев даңғылына дейін – 5000-нан аса адам жиналды. Олардың қатарында Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының артистері, П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жас музыканттары, танымал әншілер, қала тұрғындары мен меймандары болды.
Көп ұзамай, Алматы аспанында ұлы поэзияның әуенге айналған үні әуеледі. Сағат 10:00-де мыңдаған дауыс бір мезетте «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін әуелете шырқап, қаланы әсем әуенмен тербетіп жіберді. Бұл жай ғана ән емес, бұл – Абай мұрасына деген терең тағзым, ұлттың рухани байлығына деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Мыңдаған дауыстың үндестігі халық бірлігінің, көктемгі жаңғыру мен жан тазалығының символына айналды.
Өнер мен ұлттық рух тоғысқан сахна
Сағат 10:30-дан бастап мерекелік бағдарламаның негізгі бөлімі Республика Сарайының алдындағы алаңда жалғасты. Мұнда «Жаңа ғасыр» театры ұсынған арнайы қойылым мен еліміздің мәдениет майталмандарының өнері халыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бағдарламаның шоқтығы биік бөлігі – «Алатау» дәстүрлі өнер театры артистерінің өнер көрсетуі болды.
Жалпы бүгін кешкі сағат 21:00-ге дейін сахна төріне «Steppe Sons», «Tumar», «Ұлы дала қыздары», «Жұмыр қылыш», «ILIGAI» ансамбльдері, «МузАрт Life» дуэті, «Aldaspan» тобы, сондай-ақ Жәмилә Серкебаева, Бибігүл Қилымхан, Диас Мұратхан, Сандуғаш Стамғазиева, Тілек Базаров, Марал Анарбек, Қайратбек Бектұрсын және басқа да өнерпаздар шығып, халыққа ән мен күйден шашу шашады.
Наурыз – жан мен мәдениеттің мерекесі
Абай алаңы ұлттық нақыштағы фотозоналарға, салт-дәстүрді дәріптейтін инсталляцияларға, күмбірлеген домбыраның сазды үніне толды.
Наурыз – бұл жай ғана күнтізбелік дата емес, бұл – халықтың жан дүниесінен бастау алатын шынайы қуаныш. Бұл – ән салып, өнер көрсетіп, жүрек жылуын бөлісетін күн. Алматы биыл тағы да дәстүр мен жаңаны әдемі үндестіріп, мерекелік бағдарламаға жаңа тыныс береді. Наурыз мейрамы – тіршіліктің қайта түлеуі ғана емес, халықтың мәңгілік рухани көктемінің символы.
Оқи отырыңыз: Қазақтың ұлттық киімі Гиннестің рекордтар кітабына енді