Сауда қызметі саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу: Алматыда түсіндіру шаралары өткізілді

24.01.2025 15:50

Сондай-ақ сауда субъектілеріне сауда заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша жадынамалар табыс етілді

Фото: unsplash.com (Herry Sutanto)

Халықты және кәсіпкерлік субъектілерін сауда саласындағы заңнамадағы өзгерістер туралы уақтылы хабардар ету аясында Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының, Мемлекеттік кірістер органдарының, аудан әкімдіктерінің және қоғам белсенділерінің  өкілдерімен бірлесіп бизнес өкілдері мен азаматтарды базарларда, сауда желілері мен үй жанындағы дүкендерде сауда қызметін реттеу саласына қатысты әкімшілік жауапкершілік шараларын қатаңдату жөніндегі жаңашылдықтар туралы ақпараттандыру және түсіндіру бойынша іс-шаралар түрінде кешенді жұмыс жүргізді. Сондай-ақ сауда субъектілеріне сауда заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша жадынамалар табыс етілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабында алғашқы рет сауда үстемесін асырғаны үшін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартудың орнына 5 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылық көрсетілгені түсіндірілді.

Субъект бір жыл ішінде әкімшілік құқық бұзушылық қайталап жасаған жағдайда жауапкершілік ұлғаяды және субъектінің санатына қарай кәсіпкерлік субъектілеріне 10 айлық есептік көрсеткіштен 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға әкеп соғады.

Ірі сауда объектілерінің жұмыс жағдайларының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-2-бабы бойынша кәсіпкерлік субъектілері үшін сауда базарлары мен ірі сауда объектілерінің қызметін ұйымдастыру рәсімдерін бұзуға қатысты әкімшілік жауапкершілік кеңейтілді:

  • Ішкі сауда субъектілері мен олардың әкімшілігі қызметкерлері үшін оның жұмыс режимін қамтитын ірі сауда объектісінің, сауда нарығының бекітілген жұмыс регламентінің болмауы;
  • Ішкі сауда субъектілеріне сауда объектілері мен сауда инфрақұрылымына тең қолжетімділік бермеу;
  • ірі сауда объектілері, сауда базарлары Ішкі сауда субъектілеріне ұсынатын қосымша қызметтердің бекітілген тізбесінің болмауы;
  • ақпараттық жүйеде тіркеулердің және ақпараттық жүйе арқылы өз қызметін жүзеге асыру үшін оған қол жеткізудің болмауы;
  • ақпараттық жүйеде жасалған жалдау шартының болмауы және оған өзгерістер енгізбеу;
  • сауда инфрақұрылымын жаңғыртудың болмауы және оны іске асыру үшін тиісті жағдайлар жасалмауы;
  • ірі сауда объектісінің, сауда нарығының аумағында көтерме және бөлшек сауданы сату аймағының болмауы, олардың аражігін ажыратпау;
  • сауда базарларында олардың аумағында техникалық жағдайлар болған кезде автодүкендерден сауданың болмауы;
  • ақпараттық жүйе арқылы қолма-қол ақшасыз тәсілмен не Екінші деңгейдегі банктер арқылы төлем шотын жасау арқылы сауда орнын жалға алу не пайдалану үшін төлемдерді қабылдауды қамтамасыз етпеу.

Сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеуге қатысты туындаған мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Оқи отырыңыз: Заңсыз салынған нысандар: Алматыда талапты орындамағандарға қандай шара қабылданады