Реновация бағдарламасы: биыл Алматыда қанша үй сүріледі

17.01.2025 18:41

Былтыр жарты мыңға жауық азамат жаңа пәтерлерде қоныс тойын тойлады

Алматыда биыл реновация бағдарламасы аясында 37 ескі үй бұзылады. Ал ондағы 400-ге жуық тұрғын жаңа пәтерлерге қоныстанады деп жоспарланған. Қазір қалада тозығы жеткен 1 366 үй-жай бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Светлана Крылова әпкесінің жаңа пәтерге қоныстануына себепкер болған. Оның айтуынша, туған бауырының бала кезден есту қабілеті нашар. Сондықтан өзі бас-көз болып, реновация бағдарламасы шеңберінде тозығы жеткен баспанадан әпкесін осында көшірген. Айтуынша, ескі үйінің ауданы 45 шаршы метр болса, қазіргісі 71 шаршы метр екен. Қала тұрғыны ешқандай ақша төлемей-ақ, әпкесін құрылысы толық аяқталған жаңа пәтерге көшіргенін айтады.

"Шамасы жеткен пәтерді алып, сонда тұрып жатқан. Ол Орбита шағынауданы маңындағы екі қабатты ескі үй еді. Мен таныстарымнан осындай бағдарламаның барын естіп, әрекет ете бастадым. Қазір, міне, әпкем үшін қолайлы, жайлы пәтер берілді. Көшіп келгеніне шамамен 10 күн ғана уақыт болды. Әлі де реттеліп жатырмыз. Үйді бізге таза, дайын күйінде өткізіп берді. Ал кешкісін аулаға балалар шығып ойнап, мәз-мейрам боп жатады. Біз өте қуаныштымыз. Айтар алғысымыз шексіз", - дейді қала тұрғыны Светлана Крылова.  

Былтыр реновация бағдарламасы аясында 31 ескі үй сүрілген. Ондағы 539 азамат жаңа пәтерлерде қоныс тойын тойлады.

Айта кетейік, былтыр жыл соңында Алматыда 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданған еді. Оған сәйкес, пәтер иелерінің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстар атқарылады. Баспаналарды көшіру және бұзу барлық меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады. Ал ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы жабдықталған үйлер беріледі.

"Бұл үйлер – сейсмоқауіпті деп танылғандар. Бағдарлама аясында тектоникалық бұзылыс үстінде орналасқан 1930 -980 жылдары аралығында бой көтерген ескі үйлер сүріледі. Бұл – қаланың эстетикалық бейнесін жаңартып қана қоймай, жұртшылықты табиғи апаттардан қорғауға бағытталады. Бағдарлама шеңберінде әрбір баспана арнайы комиссиядан өтіп, сейсмологиялық зерттеудің қорытындысы негізінде анықталады", - деді Алматы қаласы әкімдігі Күрделі құрылыс кәсіпорны реновация департаментінің жетекшісі Жасұлан Шайкенов.

Аталған бағдарлама Алматыда осыған дейін екі мәрте жүзеге асты. Сол уақыт ішінде 181 ескі үй бұзылып, 1629 пәтердің иесі жаңа баспанаға қоныстанды. Алайда қалада әлі күнге дейін тозығы жеткен 1 366 үй бар екен. Енді 2030 жылға дейін кем дегенде 676 ескі үйді жаңарту жоспарланыпты. Бұл 7500-ге жуық меншік иесін заманауи пәтерлерге көшіруге мүмкіндік бермек.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Сейсмоқауіпсіздік: Алматыда табиғи апаттардан қорғану үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр