Сегіз жолақ, жаяулар өткелі мен автобустар: Алматы мен облысты жалғайтын жолда не өзгермек

24.01.2025 14:12

Мегаполисте күн сайын 200-ге жуық автобус бағыты желіде жүрсе, оның 54 маршруты іргелес жатқан елдімекенге қатынайды

Былтыр Алматы мен қала маңындағы елдімекендер арасында қатынайтын 20 автобус бағыты іске қосылған. Жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыру үшін биыл да бірқатар қоғамдық көлік жолға шығады. Қалалық мобилділік басқармасының мамандары осылай дейді. Алматы агломерациясындағы көлік қатынасы қалай дамып келеді? Қала мен облысты жалғайтын жолдар қалай өзгереді? АlmatyTV тілшісі біліп қайтты.

Алматыда күн сайын 200-ге жуық автобус бағыты желіде жүреді. Оның 54 маршруты қалаға іргелес жатқан елдімекенге қатынайды. Ал олардың саны жылда артып келеді. 2023 жылы желіге 10 маршрут шықса, былтыр тағы 20-сы іске қосылды. Бұл – қала мен облысты жалғайтын қоғамдық көліктерді дамыту жобаларының қарқын алғанын байқатады.

"Облыстағы әріптестерімізбен кездесулер болып жатыр. Алматы қаласына автобуспен қамтамасыз ету бойынша тағы да ұсыныстар беріп жатыр. 2022 жылдан бері «Тұран Экспресс» компаниясы «Қазыбек би» стансасынан Алматы-2-ге дейін қала маңында экспресс-пойыз жүреді. Оның 10 вагоны бар. Ол сағат 6.40-тан бастап жұмысын бастайды", - деді Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Азамат Ешанқұл.

Сондай-ақ қала мен облысты жалғап жатқан жолды ретке келтіру жұмыстары да қолға алынды. Алматы-Қаскелең тасжолы сегіз жолаққа кеңейтіледі. Бұл туралы Алматыға жұмыс сапарымен келген Көлік министрі Марат Қарабаев айтқан еді. Аталған шаруа Мемлекет басшысының Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіледі.

"Қазіргі таңда Алматы-Бішкек республикалық маңызы бар автомобиль жолының 19 және 27-шақырым аралығын күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжат жасап жатырмыз. Аталған жобада 4 жолақтан 8 жолаққа дейін жолды кеңейту көзделіп отыр. Сонымен қатар 2 жолайрығын сол жобаға қосатын боламыз", - деді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Жанат Өтепбергенов.

Құрылыс екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең аясында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолынан Қаскелең өткеліне дейінгі учаске қамтылса, екіншісінде Қаскелең өткелінен Әйтей ауылына бұрылатын аймаққа дейін жөнделмек. Ал ақжолтай хабарды естіген жұрт қос қолдап қолдап отыр.

"Күнде кептеліс болады. Кеңейткені дұрыс, әрине. Таңнан кешке дейін кептелісте тұрамыз. Жұмысқа қарай жүруіміз өте қиын, негізі. Жұмысқа баратын болсақ та, жұмыстан қайтатын болсақ та кептеліс ұзаққа, 3-4 сағатқа созылады. Өте қуаныштымын. Жол кеңейсе, қуанамыз, бізге де жақсы болар еді, балалар да мектепке ертерек баратын еді", "Дұрыс, жолды кеңейту керек. Таңертең де кептеліс болады, мына жүріп жатқан автобустардың бәріне кедергі келтіреді", - деп пікір білдірді тұрғындар.

Бұл учаскеден тәулігіне 60 мыңға жуық көлік жүріп өтеді. Ал жол кеңейсе, көліктің ағыны 90 мыңға дейін жетеді дейді мамандар. Сәйкесінше, кептеліс те азаяды. Сондай-ақ мұндағы жаяу жүргіншілер 12 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салуды жоспарлап отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Заңсыз салынған нысандар: Алматыда талапты орындамағандарға қандай шара қабылданады