Шаштараз өнері мен сәндік косметика: Алматыда жас мамандар сайысы өтті

24.01.2025 20:16

Болашақ шеберлердің сәндеу әдісін кәсіби сарапшылар бағалады

Алматыда елдің түкпір-түкпірінен жиналған жас мамандар "Сән мұнарасы" республикалық сайысында сынға түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Еңбек адамының беделін көтеру және кәсіптік білім берудің тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған байқауда 37 қатысушы шаштараз өнері мен сәндік косметика мамандығы бойынша жарысты.

Болашақ шеберлердің сәндеу әдістерін кәсіби сарапшылар бағалап, үздіктерін анықтады.

"Бүгін өте маңызды байқау өтіп жатыр. Еліміздің әр өңірінен келген жас таланттар әсемдік жасауда жарысып жатыр. Жұмысшы мамандықтарды осындай байқаулар арқылы дәріптеп, тәжрибелері мен қызығушылығын арттырамыз. Жалпы алғанда, курс бітіргендерден теория мен практиканы меңгерген мықты мамандар шығады", - деді төреші Марфуға Бекішова.

Республикалық сайыс дәстүрлі түрде Алматы сервис және технологиялар колледжінде өтті. Бұл байқау жастардың шеберлігін шыңдап, ары қарай жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін алаң.  

"Чемпионатты әлемдік, халықаралық дәрежелері бар жаттықтырушылар бағалап жатыр. Олар жыл сайын бізге көмектеседі. Сонымен қатар олар жұмыс берушілер болып отыр. Осы жерден талантты, креативті мамандарды таңдап алып, өздерінің сән салонына алып жатады", - деді Алматы сервис және технологиялар колледжінің директоры Жарқын Жаниязова.

Оқи отырыңыз: Жайлы мектеп: Алматыда он мың оқушыға арналған 6 мектептің құрылысы аяқталды