Сұрақ-жауап: Алмалы ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Алматының Алмалы ауданында шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 71 мыңға жеткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алмалы ауданында шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 71 мыңға жеткен. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Карина Ибрагимова бірнеше жылдан бері Алмалы ауданында тұрады. Ол Панфилов көшесінің маңайында жұмыс істейді. Бос уақытында әріптестерімен серуендегенді ұнатады. Алайда тұрғын Панфилов көшесінің Абай даңғылы мен Шевченко көшесінің аралығындағы аумақты да абаттандыруын сұрайды.

"Өзім осы жерде жұмыс істеймін, жақын маңда тұрамын.  Сыртта серуендеген ұнайды. Бұл маңнан жиі өтемін. Меніңше демалысқа арналған орындықтар көбейсе жақсы болар еді. Балаларға жағдай жасалып, айнала жасыл желекке оранса тұрғындар да риза болатынына сенімдімін", – деді қала тұрғыны Карина Ибрагимова.

Дәл осы сауал қала әкімі Ерболат Досаевтың Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуінде талқыланды. Шаһар басшысы бұл сұрақтың күн тәртібінде тұрғанын айтып, мәселенің «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының аясында шешілетінін жеткізді.

"Осы жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру үшін 2 миллиард теңге бөлінді. Дауыс беру нәтижелері бойынша аудан тұрғындарының 755 өтінімнен 45 жоба ең көп дауыс жинап, іске асырылуға өтті. Олардың ішінде 23 жоба – аула аумақтарын жөндеу, 4 жоба – аула аумақтарын көгалдандыру және 18 жоба – қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мен көгалдандыруға арналған", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев

Алмалыда бұдан басқа жаңалық көп. Ауданда 15 көшені жөндеуден өткізу жоспарланған. Ал жыл соңына дейін 13,8 шақырым инженерлік желі тарту көзделген. Одан бөлек, 27,1 километр электр желісі жаңартылмақ. Сөйтіп жарықпен қамтамасыз ету деңгейі 100 пайызға жетеді. Ауданда автобус саны да көбейіпті. 4 жаңа бағыт ашылған. Сондай-ақ кездесуде әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға да айрықша көңіл бөлінгені айтылды. Мәселен 1951 жылы салынған ескі ғимараттың орнында заманауи үлгідегі оқушылар үйі бой көтеріпті.

Жаңадан салынған оқушылар үйі Жамбыл көшесінің бойында орналасқан. Нысан биыл қолданысқа беріледі. Нәтижесінде күніне 400-ге жуық бала келеді деп жоспарланып отыр. Мекемеде оқушылар робототехниканың қыр-сырын меңгеріп, амфитеатрда қойылым қойып, сурет салады, тіпті ән шырқайды. 14 үйірме кабинеті бар, биылдан бастап, оқушылар үшін бассейн жұмысын бастайды.

"Бассейнде балалар тек спортпен ғана айналыспай, денсаулығын нығайтады деп ойлаймын. Демалыс кезінде бөлек бағдарламамен жұмыс істейміз. Сондықтан оқушылар жыл бойы үйірмелдерге қатыса алады", – деді № 2 Оқушылар үйінің директоры Бақытгүл Лекерова.

Атап өтер жайт, бұл ауданда қыркүйекте тағы жайлы мектеп ашылады. Сонымен қатар екі білім ордасында қосымша құрылыс жұмысы басталады. Алмалыда салық түсімі 27 пайызға өскен. Ал 2025 жылы аудан бюджеті 27,8 миллиардқа жеткен. 

Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі жаяу жүргіншілер аймақтарын заңсыз құрылыстардан тазартуды тапсырды

Новости партнеров