Светлана Ананьева: Алматы – ҚХА бастамаларын жүзеге асырудың негізгі орталығы

17.04.2025 10:58

Қазақстан халқы – әлемдік рухани құндылықтар мен жалпыадамзаттық өркениетке зор үлес қосқан халық, оның баға жетпес мәдени мұрасы бар

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы – бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының құндылықтары қалыптасатын әрі нығайтылатын кеңістік. Мұнда бүкіл елге үлгі бола алатын этносаралық келісім тәжірибелері жүзеге асырылады. ҚХА міндеттерін іске асырудағы Алматының ерекше рөлі туралы ҚХА Алматыдағы Ғылыми-сараптамалық тобы төрағасының орынбасары, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар және әлем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Светлана Ананьева айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Спикердің айтуынша, Алматы – бірлік, азаматтық келісім және этносаралық өзара іс-қимыл идеяларын ілгерілетуге арналған бірегей алаң.

«Алматы – бұл жай ғана елдің ең ірі мегаполисі емес, бұл – ҚХА-ның негізгі құндылықтары нақты уақытта жинақталып, дамып, таралатын қала. Мұнда этностар арасындағы өзара іс-қимылға қатысты аса маңызды үдерістер жүреді, ұлтаралық диалогты және қоғамның тұрақтылығын нығайтуға бағытталған бастамалар жүзеге асырылады».

Оның айтуынша, Алматыда іске асырылып жатқан нақты қадамдар мен ашық алаңдар арқылы қазақстандық келісімнің жанды моделі қалыптасуда, бұл үлгіні елдің басқа аймақтары да қабылдап, дамытып келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жыл бойы жүзеге асырып келе жатқан әлеуметтік-мәдени және этносаралық өзара әрекеттестік тәжірибесі – БҰҰ мен бірқатар беделді халықаралық ұйымда таныстырылған бірегей үлгі – әлемнің көптеген елін қызықтырды.

Қазақстан халқы – әлемдік рухани құндылықтар мен жалпыадамзаттық өркениетке зор үлес қосқан халық, оның баға жетпес мәдени мұрасы бар. Бұл мұра – халықтың мәдени кодын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Бізге жаңашылдыққа ашықтық пен бастауымызды сақтауға деген ұмтылыс тән. Қазақтың мәдени кодына мейірімділік пен қонақжайлық, кешірімділік пен көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созуға дайын болу сияқты қасиеттер енеді. Бұл мәдени код Қазақстан мәдениеті мен өнер шеберлерінің туындылары арқылы сақталып, жалғасып келеді.

Ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қатар келген мерейлі жылы біз тағы да оның терең ойына, дана сөзіне жүгінеміз. Абай: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил» деп, адам болмысының мәнін, рухани биігін айқындап берген.

Қазақ халқының мәдени коды әдебиет пен өнерде көркем бейнесін тауып, этникалық бірегейлікті күшейтеді, көркем бейнелер арқылы оның ерекшелігін ашады. Көркем сөз шеберлерінің шығармаларында Қазақстан – туған ел образы ретінде ерекше орын алады. Қазақстан – біздің қасиетті жерімізде тұрып жатқан барлық этностың отаны.

Қазақ, орыс, ұйғыр, неміс, корей, поляк, өзбек, украин, түрік және басқа да тілдерде газеттер жарық көреді. Қазақ, орыс, ұйғыр, неміс, корей және өзбек театрларында қойылымдар мен музыкалық туындылар сахналанады.

«Менің Қазақстаным» көркемдік тұжырымдамасы қазақ, орыс, ұйғыр, корей, неміс, татар, күрд және өзбек әдебиеттерінде еуразиялық мәдени-эстетикалық менталитет ретінде көрініс табады. Әдеби дәстүр тарихи құжаттармен және қазіргі заманғы дискурс теорияларымен ұштасады. Туған үй, ошақтың жылуы, ата-ана үйінің жарығы, моральдық-отбасылық құндылықтар, жады мен жауапкершілік – шығармаларда кеңінен қозғалатын тақырыптар.

Рухани және моральдық құндылықтар, әлемдік этика, диалог пен ынтымақтастық, бірлік мәселелері қашанда өзекті. Бұл тақырыптар қазақстандық жазушылар, ақындар, публицистер, драматургтердің шығармаларында көркем бейнеде көрініс табады. Олар жоғары руханилықты, ұлттық болмысты, ана тілді сақтауға шақырады. Қазақ халқының көркем-эстетикалық мәдениеті өзінің мәдени кодын сақтай отырып, қоғамның тұрақты рухани дамуының негізі болып табылады.

«Біз ұлтаралық келісімнің бірегей тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізіп, Қазақстан этностарына, олардың тілі мен мәдениетіне, дәстүріне деген құрмет сезімін тәрбиелейміз. Мәдени код – Қазақстандағы этносаралық төзімділік, мәдениетаралық ынтымақтастық, қоғамдық келісім мен жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтау мен нығайтуға бағытталған», - деп сөз соңында Ананьева қазақ халқының мәдени коды көркем сөз арқылы, көркем бейнелер арқылы сақталып, ұрпаққа берілетінін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Георгий Кан: Алматы қоғамдық келісімнің орталығы және ҚХА моделінің негізі болды