Соңғы екі жылда шаһардың жедел медициналық жәрдем автопарктері 37%-ға жаңарған
Алматыда тегін медициналық көмек жүйесі аясында ақ халаттылар біліктілігін арттырады. Қазір жедел жәрдем қызметкерлері симуляциялық орталықта алғашқы көмек көрсету бойынша тәжірибе жетілдіріп жатыр. Орталық механикалық тренажерлар мен манекендер және тағы басқа заманға сай құрылғылармен жабдықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы екі жылда Алматының жедел медициналық жәрдем автопарктері 37%-ға жаңарған. Арнайы жабдықталған құрылғылар саны да жыл сайын көбейіп келеді. 2023 жылы 55, ал былтыр жаңа жыл қарсаңында 48 көлік сатып алынған. Демек, жедел жәрдем жұмысының сапасы артып келеді деген сөз.
"Біз жедел жәрдем қызметінің жұмысына ризамыз. Шақырғанымда уақытылы келіп, алғашқы көмегін көрсетеді. Қолдарында болса, дәрі-дәрмегін береді. Қан қысымын, қандағы қант мөлшерін өлшейді", - деді қала тұрғыны Зора Ибрагимова.
Адам жаны қысылғанда жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Дер кезінде жасалған көмек арқылы талай жанның дәм-тұзы таусылмай, ғұмыры жалғанды. Айсұлу Мұқанова – жедел жәрдем дәрігері. Ақ халаттының бұл іске кіріскеніне бір жылға жуық уақыт болған.
"Әртүрлі жағдай болып жатады. Жедел көмек көрсету –парызымыз. Бәрін тегін түрде медициналық көмек көрсетеміз. Әртүрлі шақырту болады", - дейді жедел жәрдем дәрігері Айсұлу Мұқанова.
Жедел жәрдем қызметі науқастың тұрғылықты мекенжайына, азаматтығына қарамастан көмек қолын созады. Ал шетелде мұндай медициналық қызметтер көбіне ақылы келеді.
"Жедел жәрдем қызметі тәулік бойы жұмыс істейді. Кез келген шақыртуға баруы тиіс. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен 2030 жылға дейін бірқатар станса салынады деп жоспарланған. Бұл жедел жәрдем қызметінің жұмысын сапалы етуге сеп болады", - деді Жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин.
Мегаполисте күн сайын 186 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, олар 3000-нан астам шақыртуға барып, қызмет көрсетеді. Ал былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша ақ халаттыларға 990 мыңнан астам қоңырау түсіпті.
Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қызылордада Қызыл кітапқа енген қарақал табылды