Өткен жылы "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша 1268 азаматқа баспана берілді
Былтыр Алматыда баспанаға мұқтаж 5 594 азамат үймен қамтамасыз етілді. Оның 2 мыңына баспана кезек тәртібімен берілсе, 1268-іне "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша үлестірілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Басты ауыртқан баспана мәселесі қай елде, қай жерде болмасын өзекті екені белгілі. "Өз үйім - өлең төсегім" болса деп армандап жүргендер Алматыда да баршылық.
Бүгінде қалада 44 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 2 200-ден астамы – жетім балалар, 8 мыңнан астамы – көпбалалы отбасылар, 18 518-і – халықтың әлеуметтік осал топтары болса, бюджеттік ұйымдар саны 15 мыңнан асады.
Жалпы соңғы 3 жылда шаһар әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен 167 миллиард теңге бөлініп, оған 7 250 баспана сатып алынған.
Ал былтыр 5 594 азамат тұрғын үймен қамтылды. Оның 2 мыңы кезек тәртібімен үлестірілсе, 2100-і жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілген. Сондай-ақ 2 және 5 пайыз кредиттік жеңілдікпен 226 азамат пәтерлі болған. Ал 1268 адам "Алматы жастары" бағдарламасының игілігін көріпті.
Үй кезегіне тұру үшін азаматтар қандай талаптарға сәйкес болуы қажет және баспананы үлестіру қазір кімнің құзыретінде?
Құзырет демекші, бұл жүйеге ауқымды өзгеріс енгізіліп отыр.
Енді биыл мамыр айынан бастап тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу, кезекке қою және тұрғын үйді бөлу функцияларын "Отбасы банк" атқармақ. Ал әкімшілік тек тұрғын үй алу мен салу міндетін ғана орындайды. Бұл шешім былтыр "Отбасы банктің" Ұлттық даму институтына айналуына байланысты қабылданды.
Жаңа ереже күшіне енгеннен кейін кезекке тұру барынша жеңілдейді. Тек бірнеше талап бар. Ең алдымен, Алматыда баспаналы болуға ниетті жандар қалада кемінде 3 жыл тұрақты тіркелген болуы қажет және республика бойынша атында 5 жылдан аса уақыт үйі болмағаны абзал. Ал үйлерді бөлу азаматтардың тіркелген күні мен табыс деңгейіне қарай жүзеге асырылады. Мәселен, отбасындағы бір адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейін құраса, яғни, 46 мың 300 теңгеден аспаса, онда оларға үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау ұсынылады.
Егер табысы одан жоғары болса, онда ол азаматтарға жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қолжетімді болмақ.
Халық үшін ең тиімді жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қандай?
Қазір баспанаға оңай қол жеткізуге мүмкіндік беретін бағдарламалар көп. Әсіресе, азаматтар кезегін күткісі келмесе, мемлекет келесі мүмкіндікті ұсынады.
Бұл ретте ең тиімді бағдарламалар қатарына – "Бақытты отбасы" мен "Шаңырақты" жатқызуға болады. Өйткені, олардың пайыздық мөлшерлемесі 2 мен 5 пайыз арасында. Биыл бұл мөлшерлемені көтеру жоспарда жоқ екен. Тағы бір тиімді тұсы – осы бағдарламалар арқылы үйлі болған жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасыларға бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз тұрғын үй сертификаты ұсынылады.
Сондай-ақ жас мамандар игілігін көріп отырған "Алматы жастары" бағдарламасы бар. Ол 5 пайыздық мөлшерлемемен 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік. Ал егер 35 жастан асқан болсаңыз, онда "Отау" мен "Наурызға" жүгінуге болады. Ол үшін барлық отбасы мүшесінде кемінде 5 жыл жеке баспана болмауы шарт және «Отбасы банктің» депозитінде кемінде 2 миллион теңге жатуы қажет. Мұнда да жылдық сыйақы мөлшерлеме көлемі 9 пайыз, ал әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 7 пайыз. Ал берілетін заем көлемі – Астана мен Алматы қалаларында 36 миллион теңге төңірегінде, өзге өңірлерде 30 миллион теңгеге жуықтайды.
Сарапшылардың айтуынша, мемлекет тарапынан мұндай қолдау – әлеуметтің әлеуетін арттыратыны рас. Алайда, тұрғын үй нарығында бағаның күрт құбылуына әкеп соғуы мүмкін.
"Ұмай" бағдарламасы қосылайын деп жатыр. Ол екінші қатарлы үйлерді алуға мүмкіндік береді және "Жасыл ипотека" бағдарламасы шықты. Олн ұнаған ауданнан, ұнаған қабаттан алуға болатын бағдарлама болғандықтан, бағасы аздап өсіп жатыр. Қаңтар айының 20-сына дейін бағаларды қадағалап отырмыз. Әрине, 15 пайызға өскен. Сондықтан бәрін бір уақытқа келтірмеу керек. Кезең-кезеңімен іске қосқан дұрыс болады. Себебі, халық та барлық жаңалықты көріп отыр. Өзінің пәтерін сататын халық, әрине, осы бағдарламаны күтіп отырады", - деді Тұрғын үй саласының сарапшысы Бахыт Меркибаева.
Бірақ бағаның бұлқынғанына қарамастан сұраныс азаймақ емес. Биыл Алматыда 6 мыңнан аса азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған көрінеді. Осы мақсатқа 90 миллиард теңге бөлініп, қосымша 3050 пәтер сатып алынбақ екен. Ал аталған бағдарламалар арқылы баспана алу үшін азаматтар өтінімді "Қазақстанның орнықтылық қоры" мен "Отбасы банкінің" ресми сайттарында қалдыра алады.
Аяулым Көлжігіт, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматының сауда орындарында картоп бағасы тұрақты әрі жеткілікті - мамандар