Алматыда 2 500 балаға арналған заманауи «Шабыт» даму орталығы ашылды

25.03.2025 09:45

Қала әкімі Ерболат Досаев жаңа орталыққа барып, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жасалған жағдаймен танысты

Алматыда балаларға арналған «Шабыт» даму орталығы ашылды. Жаңа нысан Алмалы ауданындағы 1951 жылы салынған ескі оқушылар үйінің орнына бой көтерді. Онда 2500-ден астам бала білім алып, шығармашылық қабілетін шыңдайды. Қала әкімі Ерболат Досаев  барып, орталықтың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Орталық Жамбыл және Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұрын мұнда № 2 Оқушылар үйі жұмыс істеп тұрған. Алайда заманауи стандартқа сәйкес келмей қалған ескі ғимараттың орнына жаңасы қажет болды. Былтыр шілде айында қала әкімдігінің бастамасымен жаңа орталық салу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде ғимараттың ауданы 1415-тен 3414-шаршы метрге дейін ұлғайды, ал жобалық қуаты 1200 баладан 2500-ге артты.

 «Заманауи құрал-жабдықпен барлық сынып қамтылған. Сондай-ақ ересек және кішкентай балаларға арналған бассейн бар», – деді Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.

Қала әкіміне амфитеатр, 25 метрлік жолағы бар жүзу бассейні, арт-студия, хореография залы, робототехника кабинеті, тігін шеберханасы және музыкалық сыныптар таныстырылды.

 «Жаңа ғимаратымызда балалар үшін мүмкіндік молайды. Орталық заманауи білім беру технологияларымен жабдықталды. Интерактивті панельдер, моноблоктар, ноутбуктер, сондай-ақ техникалық, музыкалық, көркемдік және спорттық бағыттарға арналған арнайы құрал-жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері жұмыс істейді», – деді  «Шабыт» балаларды дамыту орталығының директоры Бақытгүл Лекерова.

Алматыдағы Оқушылар сарайының Үлкен концерт залы 42 жылда алғаш рет толық жаңғыртудан өтті. Тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи жүйелермен жабдықталды. Енді ғимараттың қасбеті жаңартып, айналасын көркейту жұмыстары жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Оқушылар сарайында 8 білім беру бағыты бойынша 237 үйірме мен секция жұмыс істейді.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Ақмола облысының 10 ауылында медициналық нысандар салынады