Профессорлық-оқытушылық құрам заңнаманы жетілдіру бойынша өз идеяларын ұсынды
Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Заң мен тәртіп» аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, Антикоррупциялық ұлттық желі президиумының төрағасы, генерал-лейтенант Алик Жатқамбайұлы Шпекбаевтың қатысуымен «Заң мен тәртіп» бастамасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу өткізді.
Өз сөзінде Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басымдығын атап өтіп, мемлекеттік органдар мен азаматтар, кәсіпкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды және құқықтық сананы қалыптастыру қажеттілігін жеткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасының басшысы Қанат Салимбаев «Заң мен тәртіп» бастамасының мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ оның іске асырылу механизмі туралы айтып, оқу процесінде студенттердің құқықтық санасын қалыптастыруға, «Заң мен тәртіп» принципінің қатаң сақталуына ерекше назар аударуды ұсынды.
Өз кезегінде, профессорлық-оқытушылық құрам Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жүзеге асырылу мәселелері бойынша сұрақтар қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша өз идеяларын ұсынды.
Кездесуді қорытындылай келе, барлық қатысушылар білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен құқықтық сананы қалыптастыру мәселелерінде белсенді ынтымақтастық танытуға дайын екендіктерін білдірді, бұл өз кезегінде еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресуге ықпал ететін болады.
Оқи отырыңыз: Алматыда грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты басталды