Қаражаңбас кен орнына қарама-қарсы жағалауда 50-ге жуық өлексе жатыр
Каспий теңізінен 50-ге жуық итбалықтың өлексесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«2022 жылы 26 сәуірде әлеуметтік желілердегі ақпаратқа мониторинг жүргізу барысында Каспий теңізінің жағалауында «Қаражанбас» кен орнының су бөгеті маңында өлі итбалықтардың 50-ге жуық өлексесі табылғаны туралы ақпарат анықталды. Оқиға орнына Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары жедел жолданды», – делінген ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жауапты мемлекеттік органдар арасында 2021-2022 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес, су жануарларының жаппай қырылу және қауіп-қатерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылуда.
Осы мақсатта облыстық құқық қорғау, табиғат қорғау органдарына, прокуратура, ветеринария, жергілікті атқарушы органға, экология және төтенше жағдайлар департаментіне жедел хабарланды.
«2022 жылы 26 сәуір сағат 23:00-ге дейін келіп түскен ақпаратқа сәйкес, теңіз жағалауының әрбір жерінде жатқан 22 өлі итбалық табылды. Итбалықтардың өлу себептерін анықтау үшін жануарлардың ұшаларын зертханалық тексеруге алу мүмкіндігін инспекция қызметкерлерімен қарастырылуда, өйткені олардың денелері ыдырау күйінде. Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық Балық инспекциясы басқармасының инспекторлары балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметімен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалау аймағы мен басқа да учаскелерге бақылау жасауда. Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін балық қорғау инспекторлары бірнеше итбалықты, теңіз суы мен топырақтан сынама алды. Олар Экология департаменті мен ветеринарлық қызметіне тапсырылатын болады», – деп хабарланды ведомстводан.
2022 жылғы 27 сәуірде аталған органдар қызметкерлері оқиға орнына шығуды жоспарлауда.
Сонымен қатар аталған факті туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Микробиология және вирусология институты» зертханасының қызметкерлеріне, сондай-ақ «Гидробиология және экология институты» Батыс Қазақстан мекемесінің қызметкерлеріне хабардар етілді. Жағалауды бақылау жұмыстары жалғасуда. Жаңартылған ақпарат қосымша жарияланатын болады.