Экологиялық ұйымдар қауымдастығы ұйымдастырған шара «Stop Musor» әлеуметтік жобасы аясында өтіп отыр
Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде «Таңғажайып та нәзік әлем» көрмесі ашылды. Экологиялық ұйымдар қауымдастығы ұйымдастырған шара «Stop Musor» әлеуметтік жобасы аясында өтіп отыр. Ашылу салтанатына Қазақстан Экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрағасы Әлия Назарбаева, Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев, сондай-ақ суретшілер мен экологтар қатысты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.
Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – адамзатты қоршаған ортаны аялауға шақыру. Музейде Нелли Бубэ, Руслан Ақанаев, Сәуле Сүлейменова, Алмас Нұрғожаев, Асқар Нұрболат, Темірәлі Нәжімеденов сияқты отандық талантты суретшілердің картиналары қойылған. Ондағы 30 шақты туындыны 6 қарашаға дейін көруге болады.
«Көрменің маңыздылығы – жалпы адамзатқа үндеу. Осы әлемдік экологиялық проблемаларға көңіл бөлу, қандай жағдай болмасын, біздің мынау қоршаған ортаны құтқарып қалу, араша түсу деген үндеумен жасалған», – деді суретші Алмас Нұрғожаев.
Картиналарда қызыл кітапқа енген жануарларға төнген қауіп, Арал теңізінің құрғауы, лас табиғат сияқты экологиялық көріністер бейнеленген. Суретшілер өз туындылары үшін қоқыс қалдықтарын пайдаланған. Атап айтқанда, пластикалық бөтелкелер мен консерві құтыларынан, тіпті полиэтилен пакеттерінен құрастырылған композицияларды көруге болады.
Майлы бояумен салынған бұл картина жас суретші Алмас Нұрғожаевтың туындысы. Суретте бейнеленген киіктер қызыл кітапқа енгендіктен, мұндағы негізгі түс те алқызыл. Суретші бұл туындысымен сирек кездесетін жануар түріне үлкен қауіп төніп тұрғанын жеткізгісі келген.
Биыл маусым айында басталған «StopMusor» жобасы халықтың экологиялық сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы құрған жоба қоқыс аймақтары, топырақ пен атмосфераның ластануы, ормандарды шабу, заңсыз құрылыс жұмыстары секілді экологиялық ахуалдарды уәкілетті ұйымдармен бірлесіп шешуді көздейді. Игі бастама 2021 жылдың наурыз айына дейін жалғасады.
Сымбат Ноғай, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы