Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, инфляция деңгейі жоспарланған дәлізде
Қазақстанда қаңтар-сәуірде жалпы ішкі өнімнің өсімі 4%-ды құрады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Қаңтар-сәуірде жалпы ішкі өнімнің өсуі 4%-ға дейін үдеді. Қаңтар-наурызда ол 3,8%-ды құраған болатын. Серпін өңдеу өнеркәсібіндегі, қызмет көрсету саласындағы үдеумен, сондай-ақ құрылыс пен ауыл шаруашылығындағы тұрақты қарқындармен қамтамасыз етілген», - деді Дәленов үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, инфляция деңгейі жоспарланған дәлізде. Жыл басынан бері ол 1,8%-ды, ал жылдық мәнде 4,9%-ды құрады.
«Инвестиция динамикасы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынынан асып түсті. Өсім 6,7%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы, құрылыс пен өнеркәсіп саласында инвестициялар айтарлықтай өсті», - деді ол.
Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша халықаралық резервтер 86 миллиард долларға жеткен.
Тауар нарықтарында да жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. 4 айда мұнайдың орташа бағасы барреліне 65 доллардан асты, ал металл бағасы төмендеу үрдісін көрсетіп отыр.