Тыңайтқыш бағасын арзандатуға республикалық бюжеттен қосымша қаржы қаралады

13.04.2022 15:50
Фото: ашық дереккөзден

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында диқандар үшін тыңайтқыш бағасын арзандатуға республикалық бюжеттен қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Минералды тыңайтқыштарды субсидиялауды шешу бойынша 2021 жылы минералды тыңайтқыштардың әлемдік бағасы табиғи газ бен электр қуатының қымбаттауына байланысты айтарлықтай өсті. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржылық қолдау мақсатында тыңайтқыштарды субсидиялау нормалары ағымдағы нарықтық бағаны ескере отырып, қайта қаралды. Бүгінгі таңда облыс әкімдіктері нормаларды қаулымен бекіту рәсімін қолға алған» деп жазылған жауапта. Айтуынша, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, минералды тыңайтқыштардың бағасын төмендету жұмысын жүргізіп жатыр. 

«Айталық, отандық тауар өндірушілермен бірқатар кездесулер мен кеңестер өткізіліп, нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолжетімді бағадағы минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету туралы келісімге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мәлімделген көлемі нақты жеткізу кестелерін қалыптастыру үшін отандық зауыттарға жіберілді. Сондай-ақ, «ҚазАзот» АҚ-мен өткізілген кеңестің қорытындысы бойынша аммиак селитрасының бағасын жыл басындағы белгіленген бағадан 25 %-ға (тоннасына 200,0 мың теңгеден 160,0 мың теңгеге дейін) төмендету жөнінде келісімге қол жеткізілді. Өңірлердің арзандатылған тыңайтқышқа қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджетте 26,8 млрд теңге көзделген. Сонымен қатар, қазіргі уақытта республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда», - деді Әлихан Смайылов. 

Тиісті бюджеттiк өтiнiм қаралып, республикалық бюджет комиссиясының қарауына Қаржы министрлiгiне енгiзiлген. 

«Жалпы, көктемгі дала жұмыстарының басталуымен өңірлердің минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізілуде. 25 наурыздағы жағдай бойынша 265,4 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге келісімшарт жасалып, оның 116,4 мың тоннасы тиеліп-жөнелтілді. Тыңайтқыш сатушылар қоймаларды толтыруда, тыңайтқыш жеткізу ұйымдастырылған. Кей өңірлерде облыс әкімдіктері отандық зауыттармен меморандумға қол қойып, жеткізілім көлемін бекітті», - делінген Премьер-Министрдің жауабында. 

Еске салсақ, осыдан бір ай бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында аммиак селитрасының бағасы арзандағанын баяндаған.