Қазақстанда жанармай құны қымбаттамау керек. Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарықта жанар жағармай бағасын бақылау керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сенат төрағасының айтуынша, 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің арасында ортақ газ және мұнай өнімдерінің нарығы қалыптасады. Сондықтан бұған тыңғылықты дайын болып, бензин бағасының асқақтауына жол бермеу қажет. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді 2015 жылы құрылған одақтың алдағы сын-қатерімен ескертіп, ұсынған мүмкіншілікті пайдалануға шақырды.
«Үкімет бизнес қауымдастықтың назарын Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығын қалыптастыруға байланысты ашылатын мүмкіндіктерге назар аударуы қажет. Атап айтқанда, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ электр энергетикалық нарығы аясында отандық электр энергетикасы саласының экспорттық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік алды. 2025 жылы еуразиялық экономикалық одақ аясында газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары құрылады. Біз ішкі нарықтағы жанар-жағармай майдың бөлшек сауда бағасының өсуіне жол бермеуіміз керек», – деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Айта кетейік, Алматыда осыдан екі апта бұрын АИ-92 маркалы бензин бағасы түскен болатын. Қазір жанармай құю бекеттерінде 146-мен 149 теңге аралығында сатылып жатыр.