Қазақстанда ет бағасы қымбаттады

28.09.2021 17:07

Жарты жылдың ішінде адам басына шаққанда қой етін тұтыну көрсеткіші бірден 10,6 пайызға төмендеген

steakhome.ru

Биыл сегіз айдың ішінде еттің орташа бағасы 7,4 пайызға көтерілді. Соның салдарынан ет сатып алу көлемі азайып отыр, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Бір жылдың ішінде қойдың еті қатты қымбаттап кеткен. Оның бағасы бірден 14,9 пайызға көтерілді. Одан кейін жылқы еті – 9,4 пайызға, сиыр еті - 7,8 пайызға, шошқа еті - 7,4 пайызға, ал құс еті 3,2 пайызға қымбаттады.

«Тамыз айында дүкендер мен базарларда сүйегі бар сиыр етінің орташа бағасы 2 200 теңге болған. Ал жылқы еті 2 500 теңгеден сатылды. Қой еті – 2 400 теңге, ал тауық етінің бір келісі 1 020 теңгеге саудаланды», – делінген ақпаратта.

Биыл қаңтар-тамыз айларында ет өндіру көлемі 43 мың тоннаны құрады. Ол өткен жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға төмен. Ал құс етінің өндірісі, керісінше, 4,3 пайызға өсіп, 71,6 тоннаға жеткен.

Еттің бағасы көтерілген сайын оны сатып алу көлемі азайып келеді. Мәселен, жарты жылдың ішінде адам басына шаққанда қой етін тұтыну көрсеткіші бірден 10,6 пайызға төмендеп, 2,5 келіге түскен.

Осылайша, қазақстандықтар қой етін аз тұтына бастады. Сол сияқты тауық, жылқы мен шошқа етін тұтыну көрсеткіші 2,7-4,4 пайызға азайып отыр.

Ал сиыр етін сатып алу көлемі 0,9 пайызға артты. Бүгінде әрбір қазақстандық 11,8 келі сиыр етін сатып алады.

Дереккөз: Sputnik. 


Теги: баға