1993 жылдың 15 қарашасы күні ұлттық валюта қаржы нарығына айналымға енген күн
Биыл төл теңгемізге 27 жыл. 1993 жылдың 15 қарашасы күні ұлттық валюта қаржы нарығына айналымға енген күн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бері осы дата төл валютамыздың туған күні ретінде аталып келеді. Теңгенің айналымға енуі тәуелсіз Қазақстанның өзіндік нарықтық экономикасын қалыптастыруына жол ашты. Елде банк жүйесі құрылып, дамыды.Төл теңгенің қалыптасу тарихы мен бүгінгі жағдайы Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.
Алғашқы қазақстандық теңгелер Ұлыбританияда басылып, 18 әуе рейсімен елге жеткізілді. Ал, монеталар Германияда жез бен арнайы мыс, никель және цинк қорытпасынан жасалды. Қазақстандық банкноттар әлем бойынша қорғанысы мықты валюталардың біріне жатады. Қолдан жасау мүмкіндігі де барынша шектелген.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлттық валюта теңгені айналымға енгізу бұл өте елеулі, маңызды оқиғалардың бірі деп айтсақ болады. Осы жуырда ғана «Ұлттық валюта күні» аталып өтті. Қазақстан Республикасы архивінің қорларында осы Қазақстандағы ұлттық валюта теңгенің тарихына қатысты құжаттар кешені сақталуда», – деді ҚР Президенті архиві директорының көмекшісі Мұхаммед Жылгелдинов.
Ұлттық банк мамандарының айтуынша отандық монеталар үш топқа бөлінеді. Күнделікті біз пайдаланатын айналымдық теңгелерден басқа, коллециялық және инвестициялық монеталар да бар. Қазір еліміздің бас банкі қазақтың 7 қазынасына арналған монеталардың топтамасын дайындап жатыр.
«Міне, осы жиынтықта олардың 7 данасының циркуляциялық могенттері ұсынылған. Олар қазақтың 7 қазынасын дәл көрсетеді. Олар осындай топтамада шығарылады және 100 теңге негізіндегі басқа циркуляциялық монеталармен қатар айналысқа шығады. Сол себепті күнделікті өмірде осындай монеталарды кездестірсеңіз, таң қалмаңыз», – деді ҚР Ұлттық банкінің банкноттар мен монеталар дизайны басқармасының бастығы Алмат Басенов.
Бірегей отандық монеталарды жинайтын коллекционерлер де аз емес. Олардың бірі нумизмат Роман Аникиенко. Топтамасында 200-ден астам монета бар. Барлығы да еліміздің қалалары, табиғи байлығы, ерекше белгілері мен қоғам қайраткерлеріне арналған мерейтойлық, тиражы шектеулі монеталар.
«Осыдан шамамен 7-8 жыл бұрын жарым екеумізге алғаш рет монета сыйға тартты. Осы оқиғадан кейін монеталарға деген қызығушылығымыз оянып, өзіміздің коллекциямызды жинай бастадық. Алғашында бұл тек сүйікті ісіміз болатын. Кейінірек оны кәсіпке айналдырып, дүкенімізді аштық. Топтаманың ішінде әсіресе отандық монеталар жаныма жақын», – деді нумизмат Роман Аникиенко.
Айта кетейік, Ұлттық ақшаның бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4 теңге 75 тиын болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Бұдан кейін валюта айырбастайтын биржа құру, алтын және валюта қорын жасақтау сияқты маңызды оқиғалар орын алды. Теңгенің құнын жоғалтпай ұстап тұру – ең маңызды шаруалардың бірі болды. Ал бүгінде теңгенің бір долларға шаққандағы бағамы 428 теңге 78 тиын.
Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы