1 шілдеге дейін цифрлық теңгені енгізудің методикасы бекітіледі
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов елімізде цифрлық теңгені енгізуге қатысты шешім жыл соңына дейін қабылданатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Цифрлық теңгені енгізуде ауқымды шаруаны қолға алдық. Осы мақсатта халықаралық валюта қоры және дамыған елдердің орталық банктерімен тығыз әріптестікте жұмыс істеп жатырмыз. Таяуда ғана біздің команда Вашингтонға барып, халықаралық валюта қоры өкілдерімен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыс пен жоспарымызды таныстырдық», – деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Оның айтуынша, цифрлық теңгеге қатысты шешілуі тиіс техникалық тұстары бар.
«Биыл 1 шілдеге дейін цифрлық теңгені енгізудің методикасы бекітеміз. Ал жыл соңына дейін нақты енгізу туралы шешім қабылдайтын боламыз. Аталған шешімді қабылдау барысында техникалық тұстарын орындау уақытты талап етеді. Дегенмен жыл аяғына дейін шешімін табады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді ол.ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Еске сала кетсек, өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ қаржы жүйесінің негізіне айналуы мүмкін цифрлық теңге енгізу мәселесін қарастырған жөн екенін айтқан еді.