«Талқылауға зауқым жоқ»: Досаев девальвация жайлы қауесетке түсініктеме берді

«Талқылауға зауқым жоқ»: Досаев девальвация жайлы қауесетке түсініктеме берді
Ұлттық банк төрағасы елімізде инфляциялық таргеттеу саясаты толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда валюта саясаты тұрақты. Бұл туралы ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ұлттық банк төрағасы желіде тараған 9 маусым – президент сайлауынан кейін теңге құлдырайды деген қауесетке түсініктеме берді.

«Елде ақша-кредит саясаты, валюта саясаты тұрақты. Девальвация бола ма, болмай ма, оны талқылауға зауқым жоқ, ол жағын әлеуметтік желілерге қалдырдым. Мен өз жұмысымды істеуім керек. Ұлттық банк өз саясаты арқылы азаматтар мен бизнестің сенімін қайтарады. Егер саясат нарық жағдайына сәйкес келсе, бәрі жақсы болады деген сөз», - деді ол мәжіліс кулуарында.

Досаев елімізде инфляциялық таргеттеу саясаты толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Әлеуметтік желілер адамдардың өз пікірін айтуға, талқылауға деген мүмкіндіктерін кеңейтті. Бірақ қауесет әр заманда да болған», - деді ол.

Бұған дейін Досаевтың орынбасары Олег Смоляков та девальвацияға қатысты пікір білдіріп, президент сайлауынан кейін теңге бағамы күрт құбылмайтынын мәлімдеген еді.

Новости партнеров