Қаңтар айының қорытындысы бойынша қазақстандық өндірушілер азық-түлік сұранысының басым бөлігін жергілікті өніммен қамтамасыз ете алды
Елімізде импорттық тауар мен азық-түлік бағасы 13% көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Energyprom.kz мәліметінше, қаңтар айының қорытындысы бойынша қазақстандық өндірушілер азық-түлік сұранысының басым бөлігін жергілікті өніммен қамтамасыз ете алды. Ұн – 99,7%, жұмыртқа – 97,2%, жарма мен күріш – 96,6%, құс еті – 95,5%, өсімдік майы – 88,8%, макарон өнімдері – 96,6%, кеспе және басқа да ұқсас ұн өнімдері – 85,1% жергілікті өніммен қамтылды. Сүт өнімдері сегментінде өзіндік қамту деңгейі – 84,4%. Алайда, жергілікті өндірушілер сары майға деген сұраныстың 67,9%, ірімшік өнімдеріне деген сұраныстың 53,7% ғана жаба білді.
Сондай-ақ шұжық өнімдерінің 62,3%, көкөніс пен жемістің 50,2%, өңделген және консервіленген балықтың 47,6%, шоколадтың 36,2%, қанттың 35,8%, шай мен кофенің 29,9% жергілікті өніммен қамтылған.
«Қаңтар айының қорытындысы бойынша импорттық тауар мен азық-түлік бағасы бір жылда 12,8% қымбаттаған. Оның ішінде ТМД елдерінен келетін импорттың бағасы 21,3%, өзге елдерден келетін тауар бағасы 4,9% өскен. Азық-түліктің ішінде қант пен қанттан жасалатын кондитерлік өнім бағасы 38,7%, ет, балық, теңіз өнімдерінің бағасы 32,3%, май өнімдері 26,9%, шұжық өнімдері 20,6%, күнбағыс майы 15% өскен», - делінген жазбада.