Заңсыз байығандардың активтері елге қалай қайтарылады

29.06.2023 20:22

Бастамаға бағытталған заң жобасын бүгін Сенат мақұлдады

exclusive.kz

Заңсыз байығандардың активтері енді елге қайтарылады. Бастамаға бағытталған заң жобасын бүгін Сенат мақұлдады. Қазынадағы қаржыны заңсыз иемденіп, шекара асырғандардан алынған ақша халықтың қажеттіне жұмсалады. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, заң аясында азаматтық тәртіпте активті тәркілеудің жаңа институты енгізілген. «Мүлікті елге қайтарған жеке және заңды тұлғалардың тізімі жабық болады» деді құзырлы орган өкілі.

– Құжатта активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген. Ерікті қайтару заңсыз алынған мүлікті өз еркімен қайтару туралы шарт жасасу бойынша мемлекет меншігіне беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжбүрлеп қайтару Қазақстанның, шет мемлекеттердің сот актілері немесе олардың құзыретті органдарының шешімі негізінде жүргізіледі, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин.

Бұған дейін Бас прокуратура елге 760 млрд теңге активтің қайтарылғанын хабарлаған еді. Үрдіс әлі де жалғасады. Бастама негізінде заңсыз байыды деген күдікке ілінгендердің тізімі түзілмек. Ол жабық түрде жүргізіледі.

– Шетелде болса бұл өте ұзақ процесс. Ол үшін құқық қорғау органдары басқа мемлекеттің органдарымен жұмыс істеуі керек. Сол жақтағы сот шешімі де керек болады. Басқа да процесс жүреді. Ол біраз қаржыны талап етеді. Мемлекеттің қаржысын үнемдеу үшін өз еркімен қайтару механизімін ұсындық, – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев

Жоғары палата мақұлдаған тағы бір заң онлайн платформасына қатысты. Маңызды құжат жалған ақпарат таратуға және оны орналастыруға тыйым салады. Мұнымен қоса, әлеуметтік желідегі ортаны, оқырманды қауіпсіз және ашық түрде дамыту ескеріліпті. Кез келген платформада  пайдаланушының құқығы мен міндеті регламенттеу ұсынылған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде коммуналдық қызмет ақысы қымбаттайды