Қазақстанға АЭС салуы мүмкін 4 елдің аты аталды

26.03.2022 00:54

Америкалық технологиялар Қазақстанның энергетика жүйесіне үйлесімді болуы мүмкін

Almaty.tv

Қазақстанға атом электр стансасын салуы мүмкін 4 елдің аты белгілі болды. Бұл туралы «Қазақстандық атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тимур Жәнтікин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, америкалық технологиялар Қазақстанның энергетика жүйесіне үйлесімді болуы мүмкін. Өйткені қуаты бойынша бұл реакторлар біздің энергетикалық жүйемізге жақсы кіріге алады екен.  

«Біз о бастан түрлі технологияларды қарадық. Яғни, тек ресейлік «Росатом» ғана емес. Бізде байланыстар, тиісті келісімдер бар, меморандумдарға қол қоямыз. Қытай тарапымен жақсы жоба бар. Олар «Hualong One» деп аталатын 1000 мегаваттық реакторды экспорттап жүр. Оңтүстік Кореяның әзірлеген нұсқалары бар. Біз бұл елдің Korea Hydro & Nuclear Power компаниясымен жұмыс істеп жатырмыз. Олар 1000 және 1400 мегаваттық реакторларды қарастыруға ұсынды. Былтырдан бері Францияның «IDF» (Electricite de France) компаниясымен келіссөз жүріп жатыр. Бұдан басқа, америкалық екі жоба бар. Олардың реакторлары келешекке бағытталған», - деді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікин.  

Сонымен қатар брифинг барысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қашаған кенішінде мұнай өндірісі тоқтап қалғанын теріске шығарды. Ол Қашағанда ешқандай екі айлық жөндеу жұмыстары жүргізілмейтінін, ондағы жоспарлы жөндеу жазға көзделгенін жеткізді. Сондай-ақ Каспий құбыр консорциумындағы жағдайды түсіндірді.  

«Шынымен де кейінгі күндері жылжымалы айлақ қондырғыларында апат жағдайы байқалғаны туралы ақпараттар мен мәлімдемелер айтылды. Бізде ондай 3 айлақ бар. Соның үшіншісінде апат болып, жұмыс толық тоқтады. Екінші айлақта да ақау бар, жұмысында іркілістер болды. Оны да ажыратты. Бірінші айлақ та жағдай зерттелгенше қауіпсіздік мақсатында ажыратылған болатын. Бұл - біздің мұнай кеніштері бірнеше күн резервуарға сүйеніп жұмыс істейді деген сөз», - деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.