Мақсат Халық: Алматы өмір сүру жағдайы жақсы қалалардың қатарына қосалатын негіз бар

29.06.2022 20:50

Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсынысын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады

Фото: Мақсат Халық

Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі, онда мегаполисті 2025 жылға дейін дамытудың негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар көрсетілген. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсынысын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады. Экономист Мақсат Халық бағдарламада қаланы жан-жақты дамытуға нақты міндеттер қойылғанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бағдарлама жан-жақты жазылған. Біраз мәселені қамтыған. Нақты қойылған міндеттер бар.  Мысал келтірсем, 2025 жылға дейін адам басына шаққанда өңірлік өнім 20 мың доллардан астам болуы керек деген көрсеткіш бар. Бұл жақсы көрсеткіш. Өйткені осындай көрсеткішпен Алматы қаласы әлеуметтік, өмір сүру жағдайы жақсы қалалардың қатарына қосалатын негіз бар. 20 мың доллар бұл үлкен көрсеткіш. Қазірдің өзіңде 17 мың доллардан асады екен. Егерде 20 мың доллардан асатын  болса, қаланың дамып келе жатқаны жайлы айтуға болады. 2030 жылға дейін 28 мың доллардан асады деген нақты индекаторлар қойылған. Сондықтан бұл бағдарламаның жан-жақты жүзеге асуына,  бәріміз бірге атсалысқанымыз жөн», – деді Мақсат Халық.

Айта кетейік, Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі. Жоба жеті бөлімнен тұрады, олар: «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала».

Алматыны кеңістіктік дамытудың негізгі міндеті – жайлы қалалық орта құру және қаланың барлық аудандарында өмір сүру сапасын арттыру. Ол үшін үш басым бастама айқындалды: Алматыны көпорталықты дамыту, қоғамдық көліктің дамыған жүйесі және аудандардың байланыстылығы, жаңа тарифтік саясатты енгізу және шығындарды азайту арқылы ТКШ қызметтерінің сапасын жақсарту.