«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына «Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау» атты жаңа бағыт енгізілмек
Үкімет экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды мақұлдады. Нәтижесінде, 6 млн адам еңбек ететін салалар жанданбақ. Бұл туралы еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аталған құжат іскерлік белсенділікті арттыруға, халықты жұмыспен қамту ісіне қолдау көрсетуге және азаматтардың табысын ұлғайтуға бағытталған. Жоспар жобасы мүдделі тараптардың барлығымен, оның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен мұқият талқыға салынды.
Микро, шағын және орта бизнес салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылды. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына «Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау» атты жаңа бағыт енгізілмек. Ел экономикасын қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов еліміздегі шағын бизнес субъектілеріне 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемемен несие берілетінін айтты. Несиелендіру айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін және өндірістік мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін жүргізіледі. Алайда, «Қазақстанның ет-сүт одағы қауымдастығы» бірлестігінің басқарма төрағасы Иван Сауэр көмекті тек ісі жүріп тұрғандарға көрсету керек дейді.
«Шағын және орта бизнес категориясы бойынша емес, тек кәсібін өрге дөңгелетіп үлгергендерге ғана қолдау көрсеткен жөн деп санаймын. Құлдырағандарға көмек көрсетудің еш қажеті жоқ. Себебі, бұл сомалар содан соң Агроөндірістік кешендерге жазылады. Содан кейі «Ауыл шаруашылығына ақша кетіп жатыр, ал нәтиже жоқ» деп шығады. Сондықтан тек сәтті жұмыс істеп жатқандарға ғана көмек көрсету керек», - дейді «Қазақстанның ет-сүт одағы қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қауымдастығы бірлестігінің басқарма төрағасы Иван САУЭР.
Ал «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышев салада бірқатар қиындыққа тап болғанын жеткізді. Метал бағасының орташа құннан 20 пайызға төмендеуі жағдайды күрделендіре түскен. Ал шетелден қосалқы бөлшектерді жеткізуде проблемалар туындапты. Салдарынан жобаларды іске асыру, техникалық жабдықтарды жөндеу мерзімдері кейінге шегерілді. Сондықтан рентабельдігі төмен кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендетілген мөлшермен беруді қарастыруды сұрады. Ұлттық экономика министрі аталған салаға қандай қолдау көрсетілетінін айтты.
«Тау-кен металлургия кешенін қолдау шаралары аясында қосылған құн салығын автоматты қайтару шегі 80 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұл жыл соңына дейінгі кезеңде 2020 жылғы 1-3 тоқсан аралығындағы салықты өтеуді жеделдетеді. Аванстық корпоративтік табыс салығының бір бөлігін келесі жылдың 10 сәуіріне ауыстыру жоспарлануда», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.
Сонымен қатар, Үкімет азаматтық авиацияға да қолдау білдірмек. Мәселен, еліміздегі әуежайлар жер салығынан және оны пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады. Бұдан бөлек, резидент еместер авиация саласындағы техникалық қызмет көрсету және басқа да қызметтерге қосылған құн салығын төлемейтін болды.
«Тұрғын үй құрылысы нарығындағы сұранысты ынталандырудың, отандық өндірістің және қызмет көрсету саласын қолдаудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Жалпы, кешенді жоспарда көзделген шаралар бірқатар саланың белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл салаларда 6 млн адам жұмыспен қамтылған. Осы жоспарды мақұлдаймыз», - деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Асқар Мамин мемлекеттік органдардың және ұйымдардың бірінші басшыларына, өңірлердің әкімдеріне жоспардың іс-шараларын белгіленген мерзімде сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ал, премьер-министрдің орынбасарлары барлық бағыттардың орындалуын бақылауға алуы тиіс.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан