Күн тәртібінде су ресурстары, энергетика мен климаттың өзгеруі, аймақтық ынтымақтастық мәселелері қаралды
Жаһанға тұрақты даму талаптарын орындау үшін жыл сайын 4 триллион АҚШ доллары қажет. Қаражат бөлу 2030 жылға дейін жалғаса беруі тиіс. Бүгін бұл туралы тұрақты даму мақсаттарын қаржыландыру сұрақтары бойынша өткен саммитте айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Одан бөлек, күн тәртібінде су ресурстары, энергетика мен климаттың өзгеруі, аймақтық ынтымақтастықты нығайту мәселелері де сөз болды. Айта кетейік, шараға Орталық Азия елдерінен халықаралық сарапшылар, бизнес өкілдері келді. Ал Саммитке Қазақстан атынан қатысқан еліміздің ұлттық экономика вице-министрі тұрақты даму жобасының 80 пайызы мемлекеттік бағдарламаларға қосылған деді. Енді бағыттарды дамытуда бизнестің көмегі керек.
«Біздің Қазақстанда бастамалар қолдау тауып келеді. Тұрақты дамудың мақсаттарын назардан тыс қалдырмаймыз. Қажетті ресурстарды анықтау керек. Айтарым, бұл – тек мемлекеттік емес жеке сектор, яғни бизнестің де қолдауы. Билік пен кәсіпкерлер бұл бағдарламаны бірігіп орындайды деп үміттенемін», – деді ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Жаслан МӘДИЕВ.
Халықаралық деңгейдегі тұрақты даму мақсаттарын қарастыратын құжат экология, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін қарастырады. Ол 17 мақсаттан, 169 міндеттен жән 242 индикатордан тұрады. Соңғы уақытта Қазақстан көптеген көрсеткіш бойынша өткен жылмен салыстырғанда көші ілгері жылжыған. Мәселен, елімізде кедейлік деңгейі 1996 жылы 34,5 пайыз болса, 2018-ші жылы 4,7 пайызды көрсеткен. Ал дуинг бизнес рейтингісінде 190 елдің арасында 25-шы орынға тұрақтады.
«Ауқымды шараны өткізген Қазақстанның бастамасына оң баға берер едім. Бүгінгі Саммиттің дәл Алматыда өткені мені қуантты. Алматы – барлығымызға келуге асығатын қалалардың бірі. Тұрақты даму мақсаттарын өзіміз жете түсініп, халыққа жеткізуге жиналып отырмыз. Әлі алда 10 жыл бар. Дамуға ақырын болса да, анық қадам басып келеміз. Болашақта жасайтын жұмыс көп», – деді Қырғыз Республикасының президенті Роза ОТЫНБАЕВА (2010-2011).
«Саммитті басқа қалада емес, Алматыда өткізу бекер емес деп ойлаймын. Өйткені, әлемнің кез келген нүктесінен қалаға жету оңай. Оған қоса, Алматы тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Орталық Азияда бизнестің драйвері саналады. 2 күнге созылатын саммитте көшбасшы спикерлер қатысып, көптеген жаһандық мәселелердің оң шешім табуына ықпал етеді. Ашық диалог құрып, пікір аламасатын шара жыл сайын өтеді деп сенемін», – деді Нобель сыйлығының иегері Рае Квон ЧУНГ.