Қазақстанда 16 мыңға жуық еңбек мигранты жұмыс істейді

19.05.2022 21:20

Еңбек министрлігі шетелдік мамандарды тартуға бөлінетін квотаны қысқартты

Almaty.tv

Қазақстанда 16 мыңға жуық еңбек мигранты жергілікті әкімдіктердің квотасы бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал 130 мыңға жуық шетелдік жеке компанияда еңбек етіп жүр. Ресми ақпаратқа сүйенсек, елімізге жұмыс істеу үшін негізінен Қытай, Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Ұлыбритания және Ресей мемлекетінен келеді. Жыл сайын Еңбек министрлігі шетелдік мамандарды тартуға белгілі бір квота белгілейді. Биыл олардың саны 28 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарды. Жауаптылар еңбек нарығын қорғау үшін жасалатынын айтады. Алайда ведомство мамандары атап өткендей, еңбек мигранттарын тартудың арқасында жыл басынан бері бюджетке шамамен 1,2 миллиард теңге салық түскен.

«Биылдан бастап Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы жеке шаруада істейтін еңбек мигранттарын шақыруға мониторинг жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 134 мың азамат елде жеке шаруаларда жұмыс істейді. Соның ішінде көпшілігі, 97 пайызы Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылады»,– деді ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Әбілхатин.

Қазақстанға Қытай, Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Ұлыбритания азаматтары жұмыс іздеп келеді. Оның басым бөлігі елдегі шетелдік компанияларда қызмет етеді. Ал ресейліктер негізінен банк секторында, IT-салада және ақпараттық технологиялар саласында еңбек етіп жүр. Қазірдің өзінде көрші мемлекеттің 8 мыңға жуық азаматы Қазақстанда қызмет етуге рұқсат алған.

«Қазір барлығы 93 мың жеке сәйкестендіру нөмірі рәсімделген, оның ішінде 35 мыңға жуығы Ресей азаматы. Жеке сәйкестендіру нөмірі негізінен қандай да бір қаржылық операцияларды жүргізу үшін рәсімделеді. Бұл – халықаралық тәжірибе. Сондай-ақ тұруға рұқсат алу үшін 1300 адам жүгінгенін атап өткен жөн», – деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті сыртқы көші-қон басқармасының бас сарапшысы Төлеген Талғатбеков.

ІІМ мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда елге келген шетелдіктердің саны 2 есе өскен. Мұның себебін карантин режимін алып тастаумен байланыстырады. Қоғамды шетелдіктердің көптеп келуі отандық еңбек нарығында қиындықтар тудырып, жергілікті азаматтарды жұмыссыз қалдырмай ма деген сауал алаңдатқаны да рас. Сенатор Нариман Төреғалиевтің сөзінше, бұл жаңсақ пікір. Еңбек мигранттары еліміздің экономикасына оң әсерін тигізеді деп санайды ол.

«Келіп жатқан Ресей азаматтарының көбінің жағдайы бар. Біздің нарықтағы аз ғана жалақыға, Ресейдің азаматтары таласып, біздің азаматтардың жұмыс қолын шектеп тастайды деп мен күмәнданбаймын. Қазір еңбек нарығында бізге бәсекелестік тудырып отырған Орталық Азия елдерінен Өзбекстан, Тәжікстан жақтан келіп жатқан азаматтар ғой», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев.

Бүгінгі таңда Қазақстанда тек жеке компанияларда ғана 130 мыңнан астам шетелдік жұмыс істейді. Еңбек мигранттарының арқасында осы жылдың басынан бастап бюджетке шамамен 1,2 миллиард теңге салық түскен. Ал сарапшылар атап өткендей, біздің мамандармен тәжірибе және білім алмасу жүріп жатыр.

Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы