Бизнесмендер және сарапшылар бас қосқан жиында еліміздің Doing Business рейтингісінде көрсеткішті жетілдіру жолдары да талқыланды
Мейрамхана мен қоғамдық тамақтану орындарына халықтан шағым түссе ескертусіз тексерілуі мүмкін. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі осындай ұсыныс көтеріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алайда, бұл ұсыныс әлі бекітілген жоқ. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыпов Алматыда кәсіпкерлермен өткен жиында мәлімдеді. Ол бизнеске келетін шығын және қоғамға тигізетін пайдасы ескеріле отырып қарастырылатынын алға тартты.
«Аталған ұсыныс жоспардан тыс тексерулерге қатысты. Қазір егер азаматтан шағым түссе, мұндай жоспардан тыс тексеру өткізу үшін, кәсіпкерге «сізге шағым түсірді, тексеруге барамыз» деп ескерту жолдау қажет. Әзірге бұл ұсыныс ресми түрде қаралмады. Егер оны қарастыру барысында қоғамға тигізер пайдасы, кәсіпкерлерге келетін шығыннан төмен болса, ол ұсыныс қарастырылмайды», – деді ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек ЖАҚЫПОВ.
Бизнесмендер және сарапшылар бас қосқан жиында еліміздің Doing Business рейтингісінде көрсеткішті жетілдіру жолдары да талқыланды. Бүгінде бұл тізімде Қазақстан 30 елдің қатарына енген. Дүниежүзілік банк түзетін тізімде еліміз соңғы 11 жылда 36 тармаққа ілгерілеп, 28-ші орынға жайғасқан.