Қазақстанда онлайн кредит беруге тыйым салына ма

11.05.2022 21:42

Микроқаржы ұйымдарында проблемалық қарыздардың үлесі жыл сайын артып барады

© Sputnik / Наталья Селиверстова

Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясы қазақстандықтарға онлайн кредит беруге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Депутат Дания Еспаеваның айтуынша, бүгінде онлайн қарызға батқан қазақстандықтардың саны көбейіп барады. Табысы төмен адамдар күнкөріс үшін онлайн кредитке жүгіреді. Өйткені оны алу тез әрі ешкім қарыз алушының кірісін сұрап жатпайды.

"Кепілсіз қарыз алудың оңай жолдары халықтың жаппай қарызға батуына әкеп соғады. Себебі мұндай несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Ал жоғары проценттер азаматтардың қарызға белшесінен батуының негізгі себебі. Салдарынан көбі өз мүлкінен, соның ішінде жалғыз баспанасынан айырылып жатады", - дейді Еспаева Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, микроқаржы ұйымдарында проблемалық қарыздардың үлесі жыл сайын артып барады. 2022 жылғы наурыздағы жағдай бойынша 1,2 млн қарыз алушының 435 мыңы несиесін төлей алмай жүр. Бұл тек микроқаржы ұйымдарының балансында тұрғандар ғана.

Бұдан бөлек, 479 мың қарыз алушының мерзімі өткен несиесі немесе жартысынан астамы коллекторлық компанияларға сатылған. Осылайша микроқаржы ұйымдарының портфеліндегі проблемалық қарыздардың жалпы саны 914 мыңды құрайды.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясының депутаттары халықты орынсыз қарызға батыру және осы саладағы алаяқтықтың маңызды факторы ретінде онлайн кредит беруге тыйым салуды ұсынды.