Эйр Астананың билеттері өзге әуе компанияларынан 34 пайызға қымбат

25.09.2019 23:05

Жалпы әуе билеттерінің бағасы елімізде бір жылда 8,4 пайызға жоғарылаған

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек Әлжанов мәлімдеді. Айтуынша, аталған әуе тасымалдаушы тарифтерінің жоғары екендігі комитет монополияға қарсы ведомствомен бірлесе отырып жүргізген талдаудың арқасында анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Эйр Астананың басқа әуе компанияларымен салыстырғанда бағаны шарықтатқанын анықтадық. Мәселен Эйр-Астананың Нұр-Сұлтан-Ақтөбе бағытындағы тарифтері басқа әуе тасымалдаушылармен салыстырғанда 34 пайызға жоғары. Дәл осындай мәселе Скат әуе компаниясында да байқалуда. Мәселен, Шымкент-Ақтау бағытындағы билеттер өзге әуе компанияларынан 29 пайызға жоғары», – деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек ӘЛЖАНОВ.

Азаматтық авиация комитеті ел тұрғындарының шағымдарына байланысты монополияға қарсы ведомствоға талап хат жолдаған. Онда «Эйр Астана» және «Скат» компанияларына тексеріс жүргізуге бастамашылық етіп отыр. Себебі дәп осы екі әуе тасымалдаушы әуе нарығында басымырақ. Атап айтсақ, 70 пайызды құрайды. Енді аталған екі компанияның бағаны негізді-негізсіз көтеруіне байланысты жіті тергеу жүргізілуде. Егер тариф құнын негізсіз шарықтатқаны анықталса, әлбетте жауапкершілікке тартылатын болады, дейді Айбек Әлжанов.

Жалпы әуе билеттерінің бағасы елімізде бір жылда 8,4 пайызға  жоғарылағанын атап өту керек. Алайда кей өңірлерде қымбаттау одан да жоғары. Мәселен, Маңғыстау облысында 24,4 пайызға, Жамбыл облысында 19 және Атырау облысында 16,9 пайызға өскен. Билет құнының жоғарылауы мегаполистерде де айқын байқалады. Мысалы Алматы қаласында 9, Шымкент пен  Нұр-Сұлтанда 7 пайызға қымбаттаған.

«Тарифтердің қымбаттауын ең алдымен әуе кемелерінің жеткіліксіздігімен байланыстырамыз. Демек, қажетті сұранысты қанағаттандыратындай ұшақтарымыз жоқ. Бұдан бөлек, әуе отыны құнының жоғары екендігі де билет бағасының қымбаттауына әкелуде. Сондай-ақ, тарифтердің жоғары болуына кей бағыттар бойынша бәсекелестіктің жоқтығы да қатты әсер етеді», – деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек ӘЛЖАНОВ.