Қазақстанда кейбір азық-түлік бағасы неге қымбаттап кетті

Тамызда жеміс-жидек пен көкөністердің бағасы 6 жарым пайызға өскен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде азық-түлік біршама қымбаттады. Жыл басынан бері ішіп-жем өнімдерінің құны 5,5 пайызға көтерілген. Экономист мамандар бағаның құбылуын бірнеше фактормен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қымбатшылық қамыты қарапайым халықтың қалтасын қағып жатқаны рас. Қай жерден арзан алсам деп, базарда табан тоздырып жүргендердің қарасы көп. Өйткені, айлық шайлыққа жетпейді. Ай сайын келіп тұратын несие деген «нәубеттің» төлемі тағы бар. Десе де, биыл ішіп-жем бағасы әртүрлі. Кей өнімнің құны шарықтап кеткен. Ал бірқатары, керісінше, арзандапты.

Тамыз айында жеміс-жидек пен көкөністердің бағасы 6 жарым пайызға өскен. Соның ішінде жаңа піскен жемістер 13 пайызға қымбаттапты. Бағасы қатты шарықтаған – банан екен. Оның құны 24 пайызға дейін көтерілсе, алмал қазір базарда 704 теңгеге саудаланып жатыр.

Ал көкөністердің құны біраз төмендепті. Мәселен, қырыққабат, пияз, сәбіздер арзандаған. Алайда, қызанақ, қияр, картоп пен қызылшалардың бағасы көңіл көншітпейді. Қымбатшылық сүт өнімдерінде де қатты байқалады. Олардың құны 5,4 пайызға өскен. Қазір базар мен дүкен сөрелерінде пастерленген, майлылығы 2,5 пайыздық сүттер 400 теңгенің төңірегінде сатылса, айран өнімдері 500 теңгенің айналасында сатылып жатыр. Ал сүзбе 2 мың теңгеге бағаланып отыр.

Сарапшы мамандар өсімдік шаруашылығы өнімдері құнының бұлай құбылуына бірнеше себеп бар дейді. Алдымен баға бағбаншылықпен байланысты екен. Нақтырақ айтсақ, өнім өзімізде өсірілсе, егін жақсы шықса, ақша қосылмайды. Жеміс-жидек пен көкөніс пісетін уақыт та маңызды рөл ойнайды. Ал жылыжайда өсірілетін немесе шеттен келетін өнімдер құнына құн қосылады. Оған әлемдік экономикадағы дағдарыс, тасымалдаудағы жанар-жағармай құны, арадағы делдал тікелей әсер етеді. Сондықтан бағаның аспандауы ғажап емес екен.

Қымбаттады деп ауыз толтырып айтуға келмейді. Иә, әлеуметтік маңызы бар бұл азық-түліктердің құны өскені байқалады. Алайда алма, қызанақ немесе бананның бағасы секілді шарықтап кетпеген.

Мәселен, ет былтырға қарағанда 4 пайыздай қымбаттапты. Әсіресе, сұраныс көп сиырдың еті қазір 2700-ге саудаланса, қойдың еті одан біршама жоғары. Бірақ, еттің өзіне қарағанда одан жасалатын өнімдер қалтаны қағып отыр. Ал 10 жұмыртқаның құны 490 теңге төңірегінде. Бұл бір жыл бұрынғы бағадан 7,5 пайызға көп. Сондай-ақ ұнның да құны 9 процентке көтеріліпті. Соның салдарынан нан бағасы 7,5 процентке, ал макарон өнімдері 5 пайызға қымбаттап отыр.

Бұл базынамен басы қатқан халықтың енді «баға тағы аспандап кетпесе» деген тілегі ғана бар. Жағдайды көріп-біліп отырған Үкімет мәселені мықтап қолға алған сияқты. Сауда және интеграция министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеп, бағаны бақылауда ұстайтынын айтады. 

«Біз әкімшілік жауапкершіліктің мөлшері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тұрақтандыру үшін және өнімсіз делдалдармен күресуде жеткіліксіз екенін байқадық. Осыған байланысты комитет Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына ескертуді 5-тен 150-ге дейінгі айлық есептік көрсеткішке мөлшерде айыппұлға ауыстыру бойынша әкімшілік жауапкершілікке қатаңдату түрінде түзетулерге бастамашылық жасады», - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті бақылау басқармасының сарапшысы Нұрсұлтан Өнербай.

Яғни, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің бағасын шектен тыс асырған кәсіпкерлер енді ескертумен құтылмайды. Олар қатаң түрде жазаланады. Ал салынатын айыппұл мөлшері қарапайым тілмен айтқанда 18 мың мен 550 мың теңгенің төңірегінде қарастырылмақ.

Новости партнеров