Астанада жаһандық инвестициялық форум өтті
Су тапшылығын спутниктік технология көмегімен шешуге болады, деп хабрлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Елде тіршілік нәріне тапшылықты болдырмаудың тың тәсілі жаһандық инвестициялық форумда талқыланды. Астанада өткен ауқымды жиынға 36 елден арнайы шақыртылған 3000 астам делегат қатысты. Олар озық технологияларға инвестиция, өңірлік кластерлерді дамыту, көлік-логистикалық әлеуетті арттыру сынды бағыттарда пікір алмасты.
Бүгін бұл алаң нағыз іскерлік басқосу ортасына айналды. Жаһанды алаңдатқан маңызды түйткілдердің түйіні осы жерде талданды. Форумның алғашқы бөлімінде салмақты ой, тиімді ұсыныстар панельдік сессияда айтылды. 4 негізгі тақырып талқыланады. Қатарында озық технологияларға инвестиция, өңірлік кластерлерді дамыту, көлік-логистикалық әлеует және азық-түлік қауіпсіздігі бар. Қай-қайсысын алсаң да Қазақстан үшін маңызды.
– Ұлттық инвестициялық саясат шеңберінде ESG стандарттарын ескере отырып, Қазақстан 2029 жылға дейін кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуға мүдделі. Сол үшін біз инвесторларға қолайлы жағдайлар жасауды, оның ішінде, инвестицияларды қолдау құралдарын жетілдіруді одан әрі жалғастырамыз. Сондай-ақ инвесторлардың сұраныстарына сәйкес қосымша керекті қолдау шараларын тұрақты түрде енгізетін боламыз. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Қазақстан экономикасына белсенді инвестиция салуға шақырамыз, - дейді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Алаңда талқыланған тағы бір тақырып - Қазақстанның транзиттік әлеуеті. Қазір Қазақстан үлкен теңіз жолдарына шығу мүмкіндігінің жоқтығына қарамастан, Еуропа мен Азия елдері арасында құрлық арқылы тиімді мүмкіндікті пайдаланып келеді. Ендігі меже - алдағы 2 жылда транзиттік тасымал көлемін 30 млн тоннаға дейін жеткізу. Мақсатқа жету үшін логистикалық дамудың шыңырау шегіне жетпей, өндірген өніміңді діттеген жеріңе жеткізіп беруің екіталай. Алаңда сөз алған шетелдік сарапшылар пікірі де осыған саяды.
– Бүгін бірқатар өзекті мәселені талқыладық. Мен климаттың өзгеруіне тікелей байланысты ауыл шаруашылығындағы су тапшылығы туралы айттым. Мәселені шешуге спутниктік технологиялар көмектеседі. Қазір ғарыш кеңістігінде 10 мыңнан астам ақпараттық спутник бар. Ал соның ішінен бізге керегін табу керек қажет, - деді Орталық Азия өңірлік ақпараттық орталығының басшысы Марат Бексұлтанов.
Форумға еліміздің әр аймағынан да делегат шақыртылды. Олар шетелдік инвесторлармен бірлесіп, өңірлерде іске асыруға ниетті бастаманы кеңесті. Алдағы жоба-жоспарларын бөлісті. Шетелдік дипломаттар, өз елінде ісін дөңгелеткен кәсіпкерлер бәрі де бизнесін ары қарай өркендетуге құлықты.
– Құны 52 млрд теңге болатын бірнеше инвестициялық жобамыз бар. Жүзеге асырсақ 1000 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде «Қазкрахмал» жүгеріні терең өңдеу жобасы болса, екіншісі мақта өңдеумен айналысатын «Жетісай тоқыма» жобасы. Үшінші жобамыз тау-кен өңдеу саласын қамтиды, - дейді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Күшеров.
Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялардың 70% Қазақстанға тиесілі. Өткен жылы тікелей тартылған қаржы көлемі 18% өсіп, 28 млрд долларға жетті. Биыл 6 айда ұлттық экономикаға тағы 14 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылған.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Алматыда жеке инвестициялар 10,9% - ға өсті