Қазақстандықтардың шетел банктеріндегі қаржысы 691 млрд теңгені құрайды

01.10.2021 00:12

Банк шоттарының ең көбі Ресей Федерациясында, АҚШ-та және Швейцарияда ашылған

Фото: ehonews.kz

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың  айтуынша, бүгінде декларацияны ұсынған 497 мың жеке тұлғаның 440 мыңының 58 елде банк шоттары бар. Ал ондағы ақшаның жалпы сомасы 691 миллиард теңгені құраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салыстырмалы түрде айтсақ, банктік шоттардың ең көп саны Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында, Швейцарияда ашылыпты.  

«494 жеке тұлға Қазақстан Республикасынан тыс 26 елде 666 жылжымайтын мүлік объектісін декларациялады, оның ішінде 436 нысан – Ресейде, 44 нысан – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 38 нысан Түркияда және т. б. бар. 1030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1198 көлік құралын, оның ішінде 292-і – Ресейде, 235-і – Арменияда, 221-і – Жапонияда, 162-і Германияда және т. б. декларациялады», – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.

Ал бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжаттың мақсаты - белгілі лауазымды адамдар ақшамен және өзге мүлікпен жүзеге асыратын операциялар бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеу. Бұл адамдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін болады. Ал қаржы мониторингі агенттігі өз кезегінде осы адамдардың, олардың отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының жеке тізімін жүргізеді.

«Яғни, Қазақстанның лауазымды адамдары мен олардың жақындары қаржы мониторингі субъектілерінен тиісті қызметтер алған кезде, қолданыстағы «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес шетелдік белгілі лауазымды адамдар сияқты қосымша тиісті тексеруден өтетін болады. Бұл норма қаржылық ашықтыққа қол жеткізуге және саяси маңызды лауазымды тұлғалардың сеніп тапсырылған өкілеттіктерін пайдалануына байланысты құқықбұзушылықтардың ықтимал жолын кесуге бағытталған», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Симонов.