Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік және «жасыл» энергияға көшу, су ресурстарын сақтау мәселелерін көтерді
Қазақстан Германияға тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуінде неміс еліне құны 580 миллион доллар болатын өнім тасымалдауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президенттің сөзінше, алдымен Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Содан кейін, энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.
– Германияға энергетикалық ресурстардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік және «жасыл» энергияға көшу, су ресурстарын сақтау мәселелерін көтерді. Президент климат өзгеруінің салдарымен күресу, экологияны жақсарту, су-энергетика саласының тиімділігін арттыру мәселесінде Германия ұзақ жылдар бойы Орталық Азия елдерінің сенімді серіктесі болып келе жатқанын айтты. Бұдан бөлек, күрделі геосаяси жағдайда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері көпжақты ынтымақтастықтың бір бөлігі ретінде ұдайы назарда болатынын атап өтті.
– Қазақстан БҰҰ реформалау үдерісіне де белсене атсалысуға дайын. Бірқатар дамыған мемлекет, соның ішінде Германия БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарында болуға әбден лайық. Орайлы сәтті пайдалана отырып, 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынған Қырғыз Республикасына табыс тілеймін. Қырғызстан Орталық Азияда және одан тысқары жерлерде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алатынына сенімдімін, – деді Президент.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы «Қазақстан – Германия» бизнес форумында сөз сөйледі