Алматыда инновациялық бизнес жобалардың саны артып келеді

28.04.2021 00:44

Мемлекеттен инновациялық грант алуға үмітті кәсіпкерлерден құжаттар қашан қабылданады?

Биыл Алматыда «Қолдау» кәсіпкерлік орталығының демеуімен мемлекет тарапынан берілетін инновациялық гранттарды алуға 100-ден астам бизнес жоба әзірленген. Сол сияқты тағы 80 жоба жасалып жатыр. Егер кәсіпкерлердің бизнес идеялары комиссияда мақұлданатын болса, оларға қайтарымсыз негізде 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Мұндай шаралар кімдерге және қаншалықты тиімді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

«Қолдау» орталығы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен «Алматы Бизнес-2025» бағдарламасы аясында құрылған. Орталық іс бастаймын деп келген адамдарға мемлекет тарапынан берілетін қолдау шараларын түсіндіріп, кеңес берумен айналысады. Арнайы консультанттар бизнес жоба әзірлеуге көмектесіп, грантты алғанға дейінгі әрекеттерді айтып, бағыттап отырады.  

«Мәселен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жыл сайын кәсіпкерлік басқармасынан 2 миллионнан 5 миллионға дейін берілетін қайтарымсыз гранттар бөлінеді. Гранттар инновациялық жобаларға, яғни қалада бұрын-соңды болмаған бизнестерге беріледі. Сондай-ақ, қаржыны әлеуметтік осал топқа жататын адам ретінде тіркелген кәсіпкерлер де ала алады. Оларға инновациялық жоба ойлап табудың қажеті жоқ. Бастысы, жобалар экономикаға қажетті салалар болса болғаны», – деді «Қолдау» кәсіпкерлік орталығы жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Ерболат Әліпбай.

Өткен жылы инновациялық грантты 96 адам алған. Солардың бірі жас кәсіпкер Айдана Балкенова 2 миллион теңге иеленіп, қазір қалада аналогы жоқ кондитерлік өнімдерді жасаумен айналысып жатыр.

«Біздің бизнес идеямыз бірден қолдау тауып, 2 миллион теңге берілді. Оған пісіруге қажетті пештер мен құрылғылар, миксерлер алдық. Біз адам денсаулығына зиян келтірмейтін, глютенсіз, жұмыртқасыз, лактозасы жоқ, рафинадталған қантсыз жасалатын десерттер дайындаймыз. Мұндай өнімдер, әсіресе, диабетпен, целиакиямен ауыратын немесе аллергиялық реакциялары бар адамдарға арналған», – деді кәсіпкер Айдана Балкенова.

Ал Дәурен Альканов мүгедектігіне қарамастан өзі сияқты адамдарға пайдам тисін деген ниетпен арбалар жөндейтін орын ашып алған. Қуықтай ғана жерде 3 адам жұмыс істейді.

Қазір жұмысшылар балаларды оңалтуға арналған мынадай құрылғыларды жөндеп жатыр. Бұл сияқты бұзылып жатқан, жөндеуді қажет ететін арбалар жетерлік. Мұның бәрін азаматтар тегін жасайды.

«Қолдау» орталығы маған бизнес жоспар жазуға, кәсіпті нөлден бастап қазірге дейін жүргізуге көп көмектесті. Бизнес жобамды сәтті қорғап шыққан соң маған 3,5 миллион теңге берілді. Оған барлық құралдарды сатып алдым», – деді кәсіпкер Дәурен Альканов.

Жыл басынан бері инновациялық грант алу үшін 100-ден астам бизнес жоба әзірленген. Қазір іс бастап, бизнесін дөңгелетемін деген тағы 80 адамның жобасы дайындалып жатыр. Грантқа үміткер кәсіпкерлерден құжаттар 11 мамыр мен 24 мамыр аралығында қабылданады.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы