Қазақстанда мұнай өндірісін уақытша қысқарту мерзімі жазға дейін созылды

06.03.2024 00:15

Ел мұнайды тәулігіне 1 млн 468 баррель өндіретін болады

Almaty.tv

Қазақстан ОПЕК+ ұйымына қатысушы кейбір елдермен бірігіп, 2024 жылдың екінші тоқсанына өндірісті күніне 82 мың баррельге қосымша ерікті түрде қысқартуды ұзартты. Энергетика министрлігінің ақпарына сай, биыл маусымның соңына дейін ел мұнайды тәулігіне 1 млн 468 баррель өндіретін болады. Ал болашақта нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында өндірістің бұл қосымша көлемі жағдайға байланысты біртіндеп қайтарылады. Енді өндіріс көлемін азайтудан Қазақстан не ұтады? Қай тұсы тиімсіз? Осы және өзге сауалдарға «Алматы» теларнасының студия қонағы экономист Мақсат Халық жауап береді. 

– Мақсат мырза, кеш жарық. Қазақстан мұнай өндіруді қысқарту шешімін тағы ұзартып отыр. Бұл біздің елге шикізаттан түсетін пайдаға қалай әсер етеді?

– Бұл енді ОПЕК+ елдерінің арасындағы келісім арқылы жүзеге асып отыр. ОПЕК+ көздеген негізгі мақсаты – мұнай өндіру көлемін қысқарту арқылы оның бағасына ықпал ету. Егер мұнай өндіру көлемін қысқаратын болса, оның бағасы көтеріледі. Қазіргі уақытта ОПЕК+ елдері деп, ОПЕККЕ мүше емес мемлекеттерді де қатарына қосып отыр. Оның ішінде Қазақстан да, Ресей де бар. Бір жағынан қарағанда мұнай өндіру көлемін Қазақстан жылына 100 миллион баррельден асыруды жоспарлаған. Бірақ 80 миллионнан аса алмай отыр. Өйткені мұнай өндіру көлемін арттыруды жеке компаниялар көздейді. Оны мемлекет емес. Сондықтан жеке компаниялар қаншалықты өндіру көлемін қысқартуды және оны қанша мерзімде ұстап тұруға дайын екендігі, бұл – үлкен сұрақ. Сондықтан бұл Қазақстан үшін оңайға түспейтіндігін атап өткім келеді.

– ОПЕК + ұйымына мүшелік етудің Қазақстанға қандай пайдасы бар? Қазақстан қай тұста ұтылады?

– ОПЕК+ елдері де Альянс құрылған. ОПЕККЕ мүше емес мемлекеттерді де қатарына қосып отыр. Оның негізгі мақсаты – мұнай қоры көп елдер мен мұнай нарығында қандай да бір ықпалы бар елдердің басын қосу. Бірігу арқылы ортақ мұнай нарығындағы бағаға ықпал ету саясаты көзделеді. Әрине, мұнай бағасы егер төмендеп кететін болса, мұнайлы елдердің барлығы одан зардап шегеді. Сондықтан Қазақстан да сол мәселеге тіреліп тұр. Сондықтан да ОПЕК+ елдерінен айналып кете алмайды. Бірақ соңғы уақыттарда ОПЕК + елдерінің арасында да ауызбіршілік кетіп бара жатыр. Барлығы бірдей бір шешімге келмей, араларында өте көп дискуссияның жүріп жатқанын байқаймыз. Сондықтан алдағы уақытта тұрақты түрде жұмыс істеп тұрады деп айту қиын. Бірақ қазіргі уақытта ол өзінің миссиясына, мақсатына жетіп отыр. Егер де барлығы бірауыздан «мұнай өндіруді қысқартамыз» деп келісетін болса, мұнай бағасы өсіп шыға келеді. Ал ол мұнайлы елдердің барлығына пайда әкеліп тұр. Сондықтан да Қазақстан бас тарта алмайды. Белгілі бір дәрежеде сол ойынның ішінде жүруі керек.

Оқи отырыңыз: Газ кені өндірілетін өңірде 8 елдімекен көгілдір отынға зәру