Қазақстанда соңғы бір жылдың ішінде жұмыртқа 33,7, күнбағыс майы 48, қант 26,3, ал қарақұмық 29,4 пайызға қымбаттап кеткен. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов азық-түлік саласындағы қымбатшылықтың негізгі себептерін атап, Бәсекелестікті қорғау және дамыту бойынша агенттік басшысының атына сауал жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv
Оның сөзінше, инфляциямен күресу үшін алдымен монополия мен картельдерді жою қажет. Онсыз қымбатшылықты тоқтату мүмкін емес. Мысал ретінде жақында ғана картоптың килограмы 500 теңгеге дейін күрт шарықтауы бағаның жүгенсіз кеткені деп сынады депутат.
«Ұлттық банк пен үкімет инфляцияның деңгейі небәрі 7,2 пайызды құрап отыр деп баяндайды. Алайда дүкендерде мүлдем басқаша жағдай. Азық-түліктің кейбір түрлері екі есеге қымбаттаған. Үкімет жағдайды мұқият қадағалап, азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін тиісті шаралар қабылдауы керек деп санаймын. Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі біздің агенттік немен айналысатыны құпия болып қала береді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.