Мұнай бағасы 65 долларға дейін шарықтап кеткен болатын
Соңғы бір аптада біртіндеп көтерілген Brent маркалы мұнайының бағасы екі күнде қайта құлдырады. Ал осы аралықта төл теңгеміз қалай құбылды? Қара алтынның құнына әсер етуші өзге қандай факторлар бар? Әлемдік пандемиядан кейін әлем экономикасында не өзгереді? Дәл осы сұрақтарға жауап беру үшін сарапшы экономист Жасұлан Кушебаев байланысқа «Алматы» телеарнасының тікелей эфиріне шықты.
– Жасұлан мырза , кеш жарық! Мұнай бағасының көтерілгені байқалды. Қазір қайта түсіп жатыр. Бұл нені білдіреді, мұндай тенденция қашанға дейін жалғасуы мүмкін? Мұнай бағасы өсті дегенімізбен бүгін ұлттық валюта екі теңгеге әлсіреді. Бұған не себеп?
– Кеш жарық, Қайрат! Жалпы Brent маркасының нарықта қымбаттауының бірнеше себебі бар. Бастапқысы ол – Опек+ ұйымының өзара келісімі Brent маркалы мұнайын барлығы келісіп осы мұнайды өндіруді қысқартты, яғни 1- 1,5 миллион көлемінде қысқартты. Бұл негізгі ең басты себебі. Одан бөлек екінші себебі қазіргі таңда АҚШ-та болып жатқан негізгі мұнай өндіретін Техас штатында болып жатқан ауа-райына байланысты келеңсіздіктер, яғни соған байланысты АҚШ-та біраз күндері мұнайдың өндірілуі тоқтап қалды. Соған байланысты әлемде мұнайдың бағасы өткенде мұнай бағасы 65 долларға дейін шарықтап кеткен болатын. Енді бұл тенденция алдағы уақытта әлі жалғаса береді деп ойлаймын, бірақ қысқа мезгілде, ақпан-наурыз айларында ОПЕК+ мұнайды қысқартып отыр. Өзіңіз айтып өттіңіз, теңге екі теңгеге әлсіреді дегенге оған басты себеп АҚШ-тағы ауа-райының жақсаруына байланысты мұнайдың бағасы қайтадан төмендей бастады. 63 долларға, сәйкесінші мұнайдың бағасының төмендеуі әрине доллардың қымбаттауына әкеледі. Сондықтан екі теңгеге төмендеуінің басты себебі осы деп ойлаймын.
– Пандемия биыл біртіндеп жойылып, жағдай тұрақталатын болса бұл әлем экономикасына қандай өзгерістер әкелуі мүмкін? Соның ішіндегі Қазақстанға қалай әсер етеді? Жалпы биыл елдегі экономиканы қалай болжаймыз?
– Жалпы биыл елдегі экономикалық жағдай өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жақсырақ болады деп ойлаймын. Оған ең басты себеп пандемияға қатысты пайда болған вакциналар. Вакцинация жайлап бүкіл елдерде орнағаннан кейін мұнайдың бағасы да артады. Сәйкесінше елдің экономикасы мұнайға тікелей тәуелді. Егер жақын арада Брент мұнайының бағасы 50 доллардан төмендемейтін болса осы жылы біздің ішкі өніміміз кем дегенде 2,6 пайызға өседі деп ойлаймын. Ал инфляция жағдайына келетін болсақ алдағы жылдары инфляциялық қысым болатын секілді. Себебі мемлекетте өте көп әлеуметтік шығындарға көп қаржы бөлінді. Пандемияны еңсеру мақсатында, бизнеске көмектесу мақсатында өте көп ақша бөлінді. Алдағы уақытта 2021 жылы бюджетте дефицит болады деп ойлаймын. Осының бәрі елде инфляцияның өсуіне, бірақ жалпы экономиканың жақсаруына алып келеді деген пікірдемін.
Жақсы Жасұлан мырза, байланысқа қосылғаныңызға рахмет! Айта кетейік бүгінде валюта бағамы Қазақстан Қор биржасында 1 АҚШ долларға 418 теңге деп белгіленген. Ал қалада 420 теңгеге дейін сатылып жатыр.