2030 жылдың соңына дейін суды қайта пайдалану үлесі ұлғайтылмақ

Jacek Dylag / Unsplash
Jacek Dylag / Unsplash

2024 жылы еліміздің 6 өңірінде жеке тұлғалар үшін ауызсуды тарифтеу тәртібі қайта қаралды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Су кодексінің жаңа редакциясында кәсіпорындарда бес жыл мерзім ішінде суды айналымды және (немесе) қайта пайдалану жүйелеріне көшу жоспарының болуы жөніндегі талап қарастырылған. Әр облыстағы өнеркәсіп орындарында суды қайта пайдалануды ұлғайту бойынша 2030 жылға дейін модельдік жоспар әзірленді және бекітілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

2030 жылдың соңына дейін экономика салаларындағы суды қайта пайдалану үлесін 17%-дан 28%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша Әдістемелік нұсқаулық бекітілді, құжат крандардағы ақауды уақытылы жою, аэрациялық кранды пайдалану, екі түймелі су ағызу цистерналарын қолдану, автоматты сенсорлық су араластырғыштарды орнату, кір жуатын машинаны толық жүктеме кезінде ғана қосу және т.б. іс-шараларды қамтиды.

2024 жылы еліміздің 6 өңірінде жеке тұлғалар үшін ауызсуды тарифтеу тәртібі қайта қаралды. Тұтынудың әлеуметтік нормалары енгізілді (айына 3 м3 артық су тұтынған жағдайда, нормадан асып кеткен су көлемі үшін тариф жоғарылайды).

«Бұл шара 6 өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Түркістан, Ұлытау облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында айына орта есеппен 1,65 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік берді. Тұтынудың әлеуметтік нормалары енгізілгенге дейін барлық 6 өңір бойынша ауызсуды тұтынудың орташа көлемі 21,1 млн текше метр еді, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 19,5 млн текше метрге дейін төмендеді», - делінген министрлік хабарламасында. 

Су шаруашылығы инфрақұрылымын толық жаңғырту, суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу, суды есепке алу жүйесін цифрландыру, халық пен кәсіпорындар арасында суды үнемдеу мәдениетін дамыту Қазақстан халқын жоғары сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Ауыз су мәселесі: Қазақстандағы жерасты суларының қоры қанша

Новости партнеров