ОПЕК+ елдері шикізат өндірісін азайтады

04.04.2023 02:04
qazaqtimes.com

Қазақстан осы жылдың мамыр айынан бастап мұнай өндірісін азайтады. Энергетика министрлігінің ақпарына сай, бұл шара ерікті, ал өндірісті қысқарту осы жылдың соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде елімізде тәулігіне 78 мың баррель мұнай өндіріледі. Біздің экономикамызға қалай әсер етеді? ОПЕК+ елдері неге мұнай шығаруды азайтқан? Осы және өзге сұрақтарға экономист Мақсат Халық жауап береді, деп хабарлайды Almaty.tv.

– ОПЕК+ мемлекеттері бірігіп, мұнай өндіру көлемін қысқартуды қолға алып отыр. Оның ең негізгі себебі – Америкадағы қаржы нарығындағы өзгерістер. Америкада бірнеше банк банкрот болды. Салдарынан қор нарығында құлдырау орын алып жатыр. Біраз компаниялардың акциясы қызыл шекке қарай өткен, яғни төмендеді. Сондықтан ОПЕК+ елдерінің отырысында бір ауыздан шешім қабылдады. Егер мұнай өндіруді шектеуді бірлесе отырып қабылдасақ, мұнай бағасын қайта қалпына келтіріп алуға мүмкіндік бар, – деді Мақсат Халық.

– Қазақстан ОПЕК-ке мүше емес. Мұндай шешім біздің экспортымызға кері әсерін тигізбей ме?

– Қазақстан ОПЕК-ке мүше емес. Бірақ ОПЕК+ елдерінің қатарына кіреді. ОПЕК-ке мүше емес мұнайлы мемлекеттің барлығы ОПЕК + елдерінің қатарына қосылған. Оның ішінде Қазақстан да, Ресей де бар. Шешімнің нәтижесінде Сауд Арабиясы тәулігіне 500 мың баррельге дейін, Қазақстан тарапы 78 мың баррельге дейін қысқартып отыр. Әр мемлекет өзіне жауапкершілік алады. Тиісінше мұнай өндіру көлемі де, ұсыныс көлемі де азаяды. Соның салдарынан мұнайдың бағасы шарықтап жатыр, – деді экономист.

– Ал Қазақстан мұндай жағдайда экспортқа шығару жағынан ұтылып қалмай ма? Қандай кері әсері бар?

Бұл жерде бір нәрсені айту керек. Тәулігіне 78 мың баррель көп емес. Мұнайы судың бетінде немесе жердің бетінде жатқан елдерге ол қатты әсерін тигізбеуі мүмкін. Өйткені ондай жерде өндірісті бірден тоқтата салып, кейін қайтадан жандандыра беруге болады. Ал біз терең ұңғымалардан аламыз ғой. Арнайы жұмысты тоқтатсақ, онда келіп тұрған мұнайдан айырылып қалуымыз мүмкін. Жұмыс орындары қысқаруы мүмкін. Яғни, осындай кері салдары орын алуы мүмкін, – деді экономист Мақсат Халық.