Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысына АЭС құрылысын жеделдету керек екенін жеткізген
Қазақстан АЭС салу үшін заманауи және қауіпсіз технологияларды қолданады. Бұл туралы энергетика министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кейінгі жылдары елімізде электр қуатының тапшылығы сезіле бастаған. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұл мәселеде көрші елдерге тәуелді екенімізді жасырмайды. Оның айтуынша, Ресеймен келісім аясында 150 мегаваттқа дейін электр энергиясын өз құнымен сатып аламыз. Егер одан асса, қосымша құн төленеді. Мәселен көршіден электр қуатын белгіленген диапазонда сатып алсақ, оның орташа құны 1 киловатт сағатына шамамен 8 теңге болады. Ал одан асып кететін болса, онда баға киловатт сағатына 23,8 теңгеге дейін өседі. Демек көршілерге алақан жаймаудың бір жолы – АЭС салу. Депутаттар Алмасадам Сәтқалиевтен алдағы уақытта бой көтеретін стансаның қауіпсіздігі туралы айтты.
"Президент пен Үкімет басшылығынан қатаң тапсырма алдық. Заманауи және қауіпсіз технологиялар қолданылады. Қазақстанда салынатын АЭС барлық жағынан әлемде бар үздік технологияларды пайдаланады", – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Сәтқалиев электр қуатының тапшылығын АЭС салу арқылы шешеміз деп отырғанда, халық қалаулылары «энергия дәл қазір керек, әрі оның құнының арзан болғаны маңызды» деп отыр. Олардың айтуынша, қай ел салатыны әлі белгісіз станция жыртыққа жамау бола алмайды.
"Бірнеше ТЭЦ-пен парагаздық қондырғылар салынуы керек. Олар АЭС-ке қарағанда уақытта салынады. Әрі кеткенде 3-4 жыл. Біріншіден, энергетикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуіміз керек. Екіншіден, жаңа қондырғылар салып, ішкі сұранысты қамтамасыз етуіміз керек. Ал АЭС көп жылға арналған жоба ғой. Ол бүгін, ертең бола қоймайды", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты еділ Жаңбыршин.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысына энергия тапшылығының өсіп жатқанын айтып, АЭС құрылысын жеделдету керек екенін жеткізген. Әрі, елде ядролық кластер құруға кірісу де күн тәртібінде тұр. Президент тіпті Үкімет пен Парламентке екінші ядролық стансаны қай өңірде салу жөнінде ұсыныс беруді тапсырды.
Айта кетейік, Қазақстандағы АЭС құрылысын қай елдің жүргізетіні маусымда анықталады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Картада жоқ мекен: Қарасай ауданының тұрғындары еш жерде есепке алынбаған