2024 жылдың қорытындысы бойынша отандық азық-түлік өндірісі 3,2 трлн теңгені құрады
«Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
2024 жылдың қорытындысы бойынша отандық азық-түлік өндірісі 3,2 трлн теңгені құрады, нақты көлем индексі 102,9% деңгейінде қалыптасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Ауыл шаршашылық министрлігіне сілтеме жасап.
Өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесі 40%-ды құрады. Мемлекет басшысының қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 2028 жылға дейін ауыл шаруашылық өнімін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Оның шеңберінде 2024 жылы 279,6 млрд теңге сомаға 286 жоба пайдалануға берілді. Өсімдік майы мен ұн өндірісін қоса алғанда, ішкі сұранысты қанағаттандыруға ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Кешенді жоспар өңдеуші кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етуге және жеңілдетілген несиелер беруге бағытталған. Бұл өз кезегінде экономиканың өсуіне және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ететін болады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 11 тауар түрі бойынша ішкі нарық 100%-ға (бидай ұны, тұз, нан, күріш, макарон, күнбағыс майы, картоп, қой еті, сиыр еті, сәбіз, қияр) қамтамасыз етілді. Ал 13 азық-түлік тауарлары бойынша қамтамасыз етілуі 80%-ды (тауық жұмыртқасы, жылқы еті, қызанақ, сүт, қарақұмық жармасы, қырыққабат, бұрыш, пияз, асхана қызылшасы, ашытылған сүт өнімдері, май, алма) құрайды.
Импортқа тәуелділікті азайту мақсатында 2027 жылға дейін жалпы сомасы 2,1 трлн теңгені құрайтын 570 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мен өмір сүру деңгейін көтеру үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
Оқи отырыңыз: Қостанай облысында сүт-тауар фермасының құрылысы басталды