Алматы Бизнес-2025: биыл 135 жоба қаржыландырылды

10.04.2025 19:04

Алматыда биыл шағын және орта бизнесті дамытуға 70 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат кәсіпкерлерді субсидиялау, кепілдендіру және жеңілдетілген несие беруге бағытталған.  Нәтижесінде биыл 200-ге жуық жоба қаржыландырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шағын және орта бизнес – ел экономикасының тірегі. Ranking.kz талдау порталының мәліметінше Қазақстандағы кәсіпкерлер саны соңғы бес жылда 41 пайызға өскен. Осылайша биыл 1қаңтардағы көрсеткіш бойынша елде ресми тіркелген кәсіпкерлік субъектісінің саны 2,3 миллионға жеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда 3,8 пайызға көп. Соның ішінде нақты кәсібін жүргізіп отырғандар саны 2,1 миллионға жетіп отыр. Мұндағы көрсеткішті соңғы бес жылды алсақ, өсім 55 пайызға артқан. Нәтижесінде бұл секторда 4,3 млн адам екі қолға бір күрек тауыпты. Олардың басым бөлігі сауда, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларында жұмыс істейді. Бұл еңбекке жарамды халық санының 46 пайызы. Елдегі ең ірі мегаполис саналатын Алматыға келетін болсақ, биыл шағын және орта бизнесті қолдау үшін 70 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 17,2 миллиард теңге, ал жергілікті бюджеттен 52,8 миллиард теңге қарастырылған.

 «Алматы қаласында шағын және орта бизнесті қолдауға арналған өңірлік және республикалық бағдарламалар бар. Оған сұранысқа ие барлық кәсіп түрлері енгізілген. Нақтырақ айтсақ, өндірістен бастап қызмет көрсету саласына дейінгі бағыттар қамтылған. Соның бірі «Алматы Бизнес – 2025» өңірлік бағдарламасы. Бұл жоба аясында заңды тұлғаларға, яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлерге несие беру, субсидиялау, кепілдік беру қарастырылған. Биыл 1 наурызға дейін кәсіпкерлікті қолдау үшін  жалпы сомасы 17 млрд теңге болатын 195 жобаға қаржы бөлінді», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бас маманы Әсет Әмірбек

Шаһарда кәсіпкерлікті қолдау бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде наурыздың біріне дейін біріңғай кешенді бағдарлама аясында субсидиялау және кепілдендіру құралдары арқылы 16,6 млрд теңгеге 135 жоба қаржыландырылған. Ал «Алматы Бизнес – 2025» өңірлік бағдарламасы аясында биылғы жобалар өткен кезеңнің револьверлік қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Нәтижесінде 8 жобаға жалпы сомасы 300 млн теңге несие берілді. Сонымен қатар «Даму» қорымен бірлесіп, «Jana Business» өңірлік бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге 100 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру жүзеге асырылады. Ал өндірістік жобалар үшін қаржы сомасы 500 млн теңгеге дейін қарастырылған. Несие 7 жылға 7 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Сондай-ақ сауда операцияларының тиімділігін арттыру мақсатында «Jana Business» бағдарламасы факторингтік мәмілелерді 9,5 пайыз жылдық мөлшерлемемен қаржыландыру мүмкіндігін қарастырады. Жыл басынан бері бұл бағдарламасы бойынша барлығы 54 жобаға 1,9 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген.

Мегаполисте кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға мемлекеттік қолдау аясында таптырмас мүмкіндіктер бар. Басты міндет тың жобаларды жүйелі түрде іске асырып, жаңа жұмыс орындар ашып, қала экономикасына үлес қосу.